22 Тамыз 2013, 11:04
Білім күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Ливия Араб Социалистік Халықтық Жамаһириясының Ұлттық мейрамы - Төңкеріс күні (1969). Ливия - Солтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Шығысында Мысырмен, оңтүстік-шығысында Суданмен, оңтүстігінде Чад, Нигермен, батысында Алжирмен, солтүстік-батысында Туниспен шектеседі. Астанасы - Триполи қаласы. Мемлекеттік тілі - араб тілі, сонымен қатар кейде итальян, ағылшын тілдері де қолданылады. Ақша бірлігі - ливиялық динар. Конституциясы бойынша жоғары атқарушы органы қызметін Жоғарғы Халықтық комитет атқарады. Жоғары заң шығарушы органы - жалпыға бірдей Халықтық Конгресс.
Қазақстан Республикасы мен Ливия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылды. Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күні (1991).
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қарашаның 23-інде орнатылды. Словакия Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні (1992).
Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы тамыздың 19-ында орнатылды. АҚШ-та еңбек күні. Бұл күнді қыркүйек айының алғашқы аптасының дүйсенбісінде атап өтеді.
1923 жылы Қостанай қаласында «Ауыл» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашқы ұйымдастырушы әрі редакторы - М.Сералин, жауапты шығарушы Б.Майлин болды. Кейін басылым атауы «Социалды ауыл», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» болып бірнеше мәрте өзгерген. Қазіргі атауымен 1991 жылдан бері шығып келеді.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
2000 жылы Түркі халықтарының Алматы мәдениет қоры құрылып, оның демеушілігімен «Түрік дүниесі» газетінің бірінші саны жарыққа шықты.
1965 жылы «Қазақстан-Семей» телеканалы құрылды. 1965 жылы 1 қыркүйекте Семей телестудиясының алғашқы ресми хабары эфирге шықты.
Ол республикамызда ашылған төртінші телестудия болатын. Суретті фильмдер, деректі және көркем фильмдер негізгі уақытты алатын. Ал тікелей эфирге берілетін жастарға арналған, қоғамдық-саяси және музыкалық жергілікті хабарлар күніне 2 сағат көрсетілетін. Алғашқы хабарлардың бейнежазбалары, «Кинор» кинокамерасы арнаның мұрағат қорында сақтаулы тұр. Олар бүгінгі күні баға жетпес жәдігерге айналған. 70-жылдардың басында кәсіби бейнежазбалар пайда болып, тікелей эфирге жаңалықтар мен жедел хабарлар ғана шығатын болды. 80-жылдары түрлі-түсті телехабарлар көрсетіліп, кейіннен бірте-бірте бейнежазба құралдарының ықшам түрлері пайдаланыла бастады. Бүгінгі таңда «Қазақстан-Семей» телеарнасының техникалық жарақтандырылуы осы заманғы талаптар деңгейінде. Телекомпанияның интерактивті эфирге шығып, аса күрделі түсіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар.