22 Тамыз 2013, 10:20
Табиғаты келісті Алатау баурайындағы Біркөлік шатқалы Оңтүстік Қазақстан облысының аудан-қалаларынан келген жастарды ерекше келбетімен баурай түсті.
Жас өскіннің қоғамдағы белсенділігін арттыруды көздеген бұл жолғы жиын Біркөлік шатқалындағы «Бәйшешек» лагерінде өтуінің де өзіндік мәні бар. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, соңғы жылдары елде жастар мәселесіне баса назар аударылуда. Осыған орай өңір жас ұрпақтың көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіруді көздеген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар-Отанға» саяси лагерін ұйымдастырған еді.
Жазғы саяси лагерьдегі семинарға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Абзал Әліқұлов, Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Құралай Бекенова, сауда өнеркәсіп палатасының басшысы Гүлнар Сәрсенова, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кеңесшісі Берік Құлжанов қатысты. Аға буын кейінгі буын өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Төлеби жерінде өткен үш күндік жазғы жастар саяси лагеріндегі семинарды «Ғаламат» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың бойында зияткерлік, рухани және креативті капиталды қалыптастыру, пікір алмасу алаңдарын көбейту.
«Бүгінде жастар қоғамдық жұмыстарға көп қызыға бермейді», – деген қате түсінік қалыптасқан. Алайда оларды жалқау етіп көрсеткеннен ештеңе ұтпаймыз. Сондықтан оларды әркез рухтандырып, қолдап отырғанымыз абзал. «Жастар-Отанға» саяси лагеріне облыстың аудан, қалаларынан 160 белсенді жас қатысты.
Абзал Әліқұлов, Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
– Біздің мақсат – белсенді жастарды қолдау. Жас көшбасшыларды тәрбиелеу. Ауылдарда талантты жас азаматтар көп. Біз оларды жан-жақты қолдап, айтары барларға мінбер беруіміз керек. Жастар бір-бірімен араласып, осындай саяси лагерьлер арқылы бір-бірінің бастамаларына қолдау көрсетіп, бірігіп жұмыс жасаса ғана табысқа жетеді. Жастармен кездесуге аға буын өкілдері де келіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Үш күнге жалғасқан жиын барысында жастар төрт топқа бөлініп, өз өнерлерін көрсетті. Шара барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне араласып жүргендерге семинар тренинг өтті. Жас маман Жандос Қалтаев мемлекеттің саяси түзілісін түсіндіріп, жастарды ортаға тарта отырып, практикалық тапсырмалар арқылы жиынның мәнін ашып көрсетті. Шара барысында жастар «Бәйшешек» лагерінде оқу-жаттығудан өтіп жатқан қазақ елінің көк туын олимпиада ойындарында ұстап шыққан зілтемірші Алмас Өтешовпен, Пекин олимпиадасының төртінші орын иегері Владимир Кузнецовпен кездесіп, әңгімелесті.
«Ғаламат» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дана Маманова шараның өтуіне белсене атсалысып жүрген еріктілердің қызметіне ризалығын білдірді. Әрі осындай іс-шараны жыл сайын өткізу жоспарда бар екендігін жеткізді.