22 Тамыз 2013, 06:51
Шығыс Уругвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1825). Уругвай - Оңтүстік Америка құрлығы орталық бөлігінің шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Бразилиямен, батысында Аргентинамен, шығысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Монтевидео қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - уругвай песосы.
Парагвайдың Конституция күні. Парагвай - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен солтүстік-батысында Боливиямен, шығысында Бразилиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Аргентинамен шектеседі. Астанасы - Асунсьон қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гуарани.
Бразилия солдаттарының күні. Бразилия армиясының бас қолбасшысы, маршал Луис Альвес де Лима э Сильваның туған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.
1997 жылы Түркияның Ізмір қаласында Түркі халықтары ассамблеясының IV құрылтайы өтті.
1959 жылы Қытай тарапынан басқыншылық әрекет байқалған жағдайда, Үндістан Бутанды (Гималайдағы мемлекет, Үндістан мен Тибет (қытай) арасында орналасқан) қолдайтыны туралs мәлімдеме жасады.
1995 жылы Алматы қаласында Президент Н.Ә.Назарбаев атындағы кубок үшін теннистен халықаралық турнир болып өтті.
2005 жылы Алматыда, Қазақстан энергетиктерінің алғашқы кеңесі болып өтті.
Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың 100-ден астам өкілдері, жақын және алыс шетелдерден келген энергетикалық жабдықтарды шығаратын кәсіпорындар, тағы да біздің еліміздің бірқатар министрлері қатысты.
2005 жылы Алматыда «Жеті Жарғы» баспасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына орайластырған заңнама актілер жинағын және Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісін басып шығарды.
Заңнама актілер жинағының құрастырушысы - белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Жинақ қазақ және орыс тілінде жарық көрді, оның тиражы - 2500 дана.
Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісі қазақ және орыс тіліндегі кішкентай кітапшадан тұрады, оның тиражы - 2000 дана. Тағы да сыйлық комплектісіне арнайы ыдыстағы қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітап кіреді, оның тиражы - 1000 дана.
«Жеті Жарғы» баспаханасы 10 жылдан астам заң әдебиетін шығарады. Оның қызметінің негізгі бағыты - жаңадан қабылданған заңдарды, толықтырулар мен өзгертулерді, бұрын шыққан заңнама актілеріне толықтыруларды жедел түрде шығару және заңгерлердің практикалық қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер жинағын дайындау. 2002 жылы баспахана Франция өнеркәсібін қолдайтын қауымдастықтың Алтын медалімен марапатталды.