22 Тамыз 2013, 06:40
Кот-д'Ивуар Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Кот-д'Ивуар - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Мали, Буркина-Фасомен, шығысында Ганамен, батысында Либерия, Гвинеямен шектеседі. Оңтүстігін Гвинея шығанағы алып жатыр. Ел аумағы әкімшілік жағынан 16 аймаққа, ал аймақтар 50 департаментке бөлінеді. Астанасы - Ямусукро қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар акан, кру, вольтек тілдері қолданылады. Ақша бірлігі - Батыс Африка франкі.
Орыс ақыны және драматургы, орыс символизмінің жарқын өкілдерінің бірі А.А.Блокты (1880-1921) еске алу күні.
2007 жылы Мемлекет басшысы стратегиялық маңызға ие нысандарға мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін құруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің экономика саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
1909 жылы жазушы, Жамбыл шығармаларын тұңғыш орыс тіліне аударушылардың бірі Павел Кузнецов дүниеге келді.
Қаламгер 1938-1941 жылдары аралығында «Литература и искусство Казахстана» журналының редакторы болды. Оның «Сом алтын», «Ертіс жағасында», «Майдан лирикасы», «Солдат дәптері», «Жол соқпақтары», «Жол дәптері» өлеңдер жинағы, «Алтай тауларында», «Торғай даласы», «Панфиловшылар» очерктер, әңгімелер жинағы, «Алматыдан Берлинге дейін», «Ұлы достық», «Тастағы гүл» повестері жарық көрді. Көркем аударма саласында Жамбыл Жабаевтың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, «Сұраншы батыр», «Туған елім», «Менің өмірім» поэмаларын орыс тіліне тәржімалады. Жамбылдың өмірі жайлы «Бақытын тапқан адам» атты тарихын роман жазды. Романға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді.
«Қызы Ту», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
1999 жылы Қазақстан Республикасысының «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларус Республикасының Үкіметі арасында тауар (жұмыс) экспорттау және импорттау кезінде қосымша салық салудың қағидаттарын бекіту туралы», Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (көлік жолдары саласын қайта жаңарту жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (денсаулық сақтау саласының жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (құқық реформасы жобасы) Заңдары жарияланды.