21 Тамыз 2013, 10:04
Эквадорда азат етуші - Симон Боливар күні. Симон Боливар Америкадағы испандық колониялардың тәуелсіздігі үшін күресуші жетекшілердің бірі. 1813 жылы Венесуэланың Ұлттық конгресімен Азат етуші болып жарияланды.
Қытайда Аспан құдайына құрмет білдіру күні. Бұл күн - ризашылық айту және дұға тілеу күні. Барлық отбасы мүшелері арнайы жоралғы түскі асына жиналады. Мал бауыздап, тоқаштар пісіреді. Қағаздар мен хош иістендіргіштерді жағады.
1944 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі 1944 жылы қазанның 1-де Алматы мемлекеттік өнер институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Аталмыш мекеме Алматының музыкалық-хореографиялық комбинаты негізінде құрылды. Сондықтан комбинат директоры И.Круглихин алғашқы ректоры міндетін атқарды. 1945 жылы консерваторияға Құрманғазы есімі беріліп, басшылыққа Ахмет Жұбанов келді.
1858 жылы қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкерім Құдайбердіұлы дүниеге келді. Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкерім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етті. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алды. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндеді. «Жастарға», «Арман», «Насихат» атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сөз етті. Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі - қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, империалистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы болды. Мұндай келеңсіз кесепаттарға қарсы жазылған өлеңдері Шәкерімнің интернационалдық ой, толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады. «Патшалар сансыз шығыс қылады», «Адам немене», «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» өлеңдері Қазан төңкерісіне арналған. Ақын жарқын өмірді, болашақты, бейбітшілік пен берекелі тұрмысты жырға қосты. Шәкерім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазды. Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік - Кебек» дастанында бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Әділ - Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкерім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы алланы ақылға салып түсінуге ұмтылып, дін бұзушыларды қатты сынға алған. Абай сияқты Шәкерім де феодалдық-рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көріп, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білген. Шәкерім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттаған. Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырған. Лев Толстойдың шығармашылығын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырған. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санап, онымен хат жазысып тұрған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттаған. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартқан, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырған.