21 Тамыз 2013, 10:04
Бельгия Корольдігінің ұлттық мейрамы - Король 1 Леопольдтің ант берген күні (1831). Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 18-інде орнатылды.
1917 жылы Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі өтіп, онда қазақ интеллигенциясының өкілдері «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарды.
1958 жылы Қазақ симфониялық оркестрі құрылды.
1971 жылы Қазақ КСР-нің Жер кодексі қабылданды.
1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының орталығындағы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы көшеге жазушы Оралхан Бөкейдің есімі берілді.
2006 жылы «Қазпошта» АҚ республика ішілік пошталық айналымға жаңа марка шығарды. Жаңа шығарылым танымал геолог-ғалым, Қазақстандағы геомеханиканың негізін салушы, ҚР ҰҒА мүшесі, профессор Ақжан Машанидің 100 жылдығына арналған. Екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ол геология және кен істері бойынша жарық көрген бірқатар оқу құралдарының авторы.
4 бояулы офсеттік тәсілмен орындалған марка 50 мың дана таралыммен шыққан.
1993 жылы Вильнюсте Қазақстан мен Литва Үкіметтері еркін сауда туралы, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы, әуе қатынасы туралы, темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы туралы» Заң баспасөзде жарияланды.
2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысында қазақстан-ресей «Қарақоға» бірыңғай бақылау-өткізу орны ашылды.
«Қарақоға» бірыңғай бақылау-өткізу орны Ресей Федерациясының шекарасында орналасқан, жалпы алып жатқан аймағы 320 км. Ол халықаралық көпжақты өткізу орны болып табылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар алмастыруды және сауда-экономикалық байланысын әрі қарай дамытуға арналған өткізу орны «бір аялдама» жүйесі бойынша жұмыс істей отырып, тауар алмастыру барысын жеңілдетеді.
2007 жылы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бір топ қызметкерлері Тараздағы қазба жұмыстарын өткізген кезде, қала ортасында орналасқан Қарахан кесенесінің маңынан мешіт қалдықтарын тапты.
Мешіттің құрылысына қарағанда 14 ғасырда салынғанға ұқсайды, сол кезде құрылысқа кірпіш-шикізатын қолданған. Соңғы исламның мешіттері терракота кірпіштерінен көтерілген. Бұл ғимараттың сақталып қалған бөлігі - іргесі, ішкі атрибутикасы - осы жерде мешіт болғанын дәлелдейді, енді ислам дінінің біздің елімізде қай уақытта пайда болғанын айтуға болады. Бұл мешiт бұрын салынған несториан немесе манихей храмның iргесiнде тұрғызылған.