21 Тамыз 2013, 09:53
Халықаралық шахмат күні. Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап атап өтіледі. Бүгінгі таңда аталмыш ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз барлығымыз бір отбасымыз» («Все мы одна семья») атты ұраны бар.
Ойынның атауы парсы сөздерінен шыққан: шах мат - билеуші қайтыс болды, дегенді білдіреді. Шахматтың отаны - Үндістан. Онда V ғасырда шахматтың арғы атасы - чатуранга ойыны пайда болған. Шахмат - 64 тордан тұратын тақтаның үстіне 32 (16 ақ және 16 қара фигура) фигураны орналастыру арқылы ойналатын ойын. Ойынның мақсаты қарсыласыңның короліне мат қою болып табылады. Әрбір қалада спорттың осы түрін ұнататындарға арналған шахмат клубы бар (кей қалаларда бірнешеу). Халықаралық шахмат күнінде бұл клубтарда сайыстар, ойын-сауық шаралары өтеді.
Колумбия Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810). Колумбия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Шығысында Венесуэла, Бразилиямен, оңтүстігінде Эквадор, Перумен, солтүстік-шығысында Панамамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 32 департаментпен астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Богота (Санта-Фе-де-Богота) қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Конституция бойынша елді Президент басқарады және ол 4 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын парламент.
Қазақстан Республикасы мен Колумбия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 23-інде орнатылды.
Қырғызстанның Ұлттық гвардиясының күні. 1992 жылдың 20 шілдесінде Қырғызстан Республикасы Ұлттық гвардиясының алғашқы гвардияшылары Отанға және халыққа адал қызмет етуге ант қабылдады. Ұлттық гвардия ҚР Президентінің Қаулысымен 1991 жылдың 3 желтоқсанында құрылды.
2006 жылы Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды. 2005 жылы «Таңсәрі» театры Мәскеу үкіметінен соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырту алып, оған 5 жас пен 15 жас аралығындағы жас балалар барған болатын. Аталмыш фильм Мәскеу сапарының қорытындысы негізінде түсірілген. Фильмнің барысында Отан соғысы ардагерлеріне бүгінгі бүлдіршіндердің құттықтауы мен ілтипаты, сондай-ақ ардагерлерге арнап қойылған концерттер түсірілген.