21 Тамыз 2013, 09:52
АҚШ-та Ұлттық хот-дог күні. Бұл мерекені 1957 жылы АҚШ Сауда палатасы ресми бекіткен болатын. 1994 жылы өнім сапасы, дәмі және жарнамасымен айналысатын Ұлттық хот-дог және сосиска кеңесі құрылды. Кеңестің дәстүрлі мүшелері хот-догпен сосисканы ұнататындарға арналған жарыс өткізіп тұрады. Жарыстың 4 негізгі ережесі бар: 18 жасқа толмағандарға хот-догқа кетчуп жағуға болмайды; хот-догты тәрелкеге салмай тек қана қолмен жеу керек; қолға жұққан дәмдеуішті жууға болмайды, саусақтарыңды жалап тазалауың қажет; ешқашан да хот-догты қытай ыдысына салуға болмайды, себебі «хот-дог - американдықтардың ұлттық тамағы» деген түсінік бар.
Нельсон Манделаның халықаралық күні. Оңтүстік-Африка Республикасының бұрынғы президентінің бейбітшілік пен бостандық ісіне қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясымен 2009 жылы бекітілді.
1974 жылы Польшаның Костантинов қаласында әлемдегі ең биік құрылыс - Варшава радиосының 646 метрлік мачтасы тұрғызылып бітті. Ян Поляк конструкциясы бойынша бой көтерген, салмағы 550 тонналық бұл мұнара 1991 жылы жөндеу жұмысы кезінде құлап түскен.
1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Патенттік-технологиялық ақпарат және алдыңғы қатарлы технологиялық қозғалыс жолындағы барлық тосқауылдарды алып тастауға мүмкіндік берген Еуразиялық патенттік конвенцияны бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан колледж ашылды. Математика, физика, ақпараттық жүйе, станок графикасы, сәндік-қолданбалы өнер және халық өнері мамандықтары бойынша оқытатын білім ордасының құрылу мақсаты педагогика мамандарына сапалы білім беру болып табылады. Колледжді бітірген түлектер оқуын университетте жалғастыра алады.
1985 жылы аты көпшілікке аса таныс емес ресейлік бағдарламашы Алексей Пажитнов алғашқы Тетристі ойлап тапты.
«Тетристі» ойлап табу идеясы математик Соломон Голомб шығарған американдық бас қатыратын ойын «Pentomino Puzzle»-дан шыққан.
«Тетрис» пайда болған 20 жылдың ішінде ойынның барлық түрлері (соның ішінде ресми статистиканы және заңсыз сатылымдарды қоса алғанда) әлем бойынша үлкен даналармен тарады. Нақты айтқанда 250 млн. данамен. Мұндай танымалдылыққа электронды ойындардың бірде-бірі ие болған емес.
1939 жылы жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлек Тілеуханов дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. 1974-1996 жылдары «Жазушы» баспасының аға редакторы, бөлім меңгерушісі, «Айқап» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1996 жылдан «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болған.
Қаламгердің шығармалары 1965 жылдан бастап жарық көре бастады. Оның «Көрші келіншек», «Шарапатты жан», «Өзгенің бақыты үшін», «Өмір арнауы», «Мәуелі бәйтерек» әңгіме-повестері, «Келешек кіріспесі», «Үш ұрпақ мұңы» романдары жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Маршалдың, А.Чеховтың, А.Плавканың, Х.Нәзірдің, А.Беляевтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.