21 Тамыз 2013, 09:51
Петропавл қаласының күні. Қала Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болып табылады.
Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Респуликасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Сан-Томе және Принсипи - Гвинея шығанағындағы осы аттас аралдарда және Африканың батыс жағалауындағы басқа да ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Томе қаласы. Ресми тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - добра. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ұлттық халықтық жиналыс. Экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Экспортқа какао, кофе, пальма, банан шығарады. Негізгі сауда серіктесері Португалия мен АҚШ.
Кирибати Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Кирибати - Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдар мен атоллдарда орналасқан мемлекет. Кирибати құрамына Гилберта, Лайн, Феникс, Банаба аралдары кіреді. Астанасы - Байрики қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар барлық халқы тунгаруан (кирибати) тілінде де сөйлейді. Ақша бірлігі - австралия доллары. Британ достастығы құрамына кіргенімен мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - Ассамблея палатасы.
Фотосуреттердің қорғаушысы - Ұлы Вероника күні (Фотографтар күні).
1838 жылы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісшілер қолы Ақбұлақ пен Қиыл аралығындағы шайқаста Гекке әскерінен жеңіліске ұшырады. Осы шайқаста Исатай қаза тапты.
1924 жылы Орта Азияда ұлттық шекара бөлісі аяқталды. Қазақ АКСР-інің астанасы Орынбордан Ақмешітке (кейін Қызылорда аталды) көшірілді.
1925 жылыҚазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары - С. Сейфуллин, Б. Майлин. одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.
2007 жылы Маңғыстау облысындағы «Қарақұдықмұнай» кенішінде мұнай құятын теміржол эстакадасы пайдалануға берді.
«Қарақұдықмұнай» кеніші Ақтаудан 360 шақырым жерде орналасқан. Жаңа теміржол эстакадасы мұнайды балама жолмен жөнелтуді қамтамасыз етеді. Эстакада қазiргi заманғы жабдықтармен, газды ортаны бақылайтын автоматика және телемеханика жүйелерiмен, өрт қауіпсіздігі және жарылыс стандарттарына сәйкес келетін өрт сөндіру кешенімен толығымен жабдықталған. Эстакадада Атырау мен Няганидің (Ресей) мұнай құятын эстакадаларынан оқып келген жиырма адам қызмет атқарады. Сұйықтықты құю құрылғысы арнайы автоматтандырылған бақылау құрылғысымен жабдықталған. Жабық түрінде құятын экологиялық таза технология атмосфераға газ бен бу шығаруды азайтады. Темiржолдар мен эстакада бір уақытта 60 цистерна жүк тиеу үшін ойластырып құрастырылған. Енді мұнай құюдың қуаттылығы жылына 1 млн. тонна өнімді құрайды.
Жаңа эстакада қарақұдық мұнайын жыл бойы темір жол цистерналарына құйып, оны темір жолмен Ақтау портына дейін жеткізеді, сосын ол әр түрлі бағытта экспортқа жіберіледі.