21 Тамыз 2013, 09:44
Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-інде атап өтуге Жарлық шығарды. Беларус - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, солтүстігінде Латвиямен, батысында Польшамен және солтүстік-шығысында Литвамен шектеседі. Әкімшілік-аумақтық жағынан 6 облысқа және Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев орталықтарына бөлінеді. Астанасы - Минск қаласы. Ресми тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль.Қазақстан мен Беларус арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-ында орнатылды.
1910 жылы мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қаңтарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.
Жангелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) - мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай облысының бір ауданына, көптеген елді мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жангелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.
2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.
Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.
1960 жылы Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.
2007 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды.