21 Тамыз 2013, 09:04
БҰҰ-ның Халықаралық бітімгершілер күні. 2003 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен бекітілген. Қарарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге, үкіметтік емес ұйымдарға және жекелеген азаматтарға БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау мақсатындағы операцияларының құрамында қызмет істеген адамдарға құрмет, сонымен қатар қаза болғандарды есте сақтау күні ретінде атап өту ұсынылған
1998 жылы «Жас Астана - жастардың көзімен» атты республикалық фестиваль өтті. Алғашқы жылдары Астана күніне орайластырылған бұл байқауға еліміздің жер-жерінен келген жас тілшілер бас қосып, белгілі бір уақыт ішінде дайындаған өздерінің еңбектерін әкеліп, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Кейін келе, аталған фестиваль өзінің ауқымын кеңейтіп, жалпы мазмұнын, бағытын өзгертті. Шағын байқау 2002 жылы «Еуразия сақинасы» деген жастар ақпараттық форумына айналды. Аталмыш фестивальді ұйымдастырушы қазақстандықтарға танымал журналист - Светлана Ахметжанқызы Ғалиева.
1995 жылы республикалық «Үкілі үміт» сазгерлер байқауы басталды.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңына қол қойды.
2009 жылы жамбылдық жазушы, журналист Бақтияр Әбілдәұлының «Шапырашты Наурызбай батыр» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді. Тарихи-деректі роман XVIII ғасырда жоңғарлардың басқыншылығына қарсы соғыста даңқы шыққан қазақтың қолбасшысына арналған. Тарихшылардың мәліметі бойынша, осы азаттық үшін болған шайқаста миллионнан астам қазақтар опат болған.
Бақтияр Әбілдәұлы осы деректерді Ресей мұрағаттарынан тапты. Олардың негізінде деректі-көркем роман жазып шықты. Бақтияр Әбілдәұлының «Шапырашты Наурызбай батыр» романының таныстырылымы Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерінің және қалың жұртшылықтың қатысуымен батырдың туған жерінде, Алматы облысының Қаскелең қаласында өтті. Романның авторына Алматы облысындағы Қарасай ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
1996 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сингапурға ресми сапарымен барып, Сингапурдың Премьер-Министрі Го Чок Гонгпен кездесті. Кездесу барысында Азияның екі мемлекеті арасындағы ынтымақтастық, іскерлік байланыстар жөнінде әңгіме қозғалды.