21 Тамыз 2013, 09:04
Әзірбайжанда Республика күні. 1918 жылғы мамырдың 28-де Демократиялық Әзірбайжан Республикасы шығыстағы мұсылман елдері арасындағы 1920 жылдың сәуіріне дейін болып келген алғашқы парламенттік республика болып жарияланды.
Әзірбайжан Республикасы Кавказ тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армениямен және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен шекараласып жатыр. Шығысы Каспий теңізімен қоршалған. Астанасы - Баку. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - парламент (мәжіліс). Ресми тілі - әзірбайжан. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнатылған.
2009 жылы «БТА банкінің» «Столичное» бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды. Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр.
460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады.
Аталмыш жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады.
1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» қаулысы шықты.
1999 жылы Алматыда қазақстандық қаржыгерлердің бірінші конгресі болды.
2005 жылы Алматыда Жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.
Режиссері Әділ Медетбаев. 40-минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.
1946 жылы «Құрманғазы» оркестрінің жеке орындаушысы, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Бүкілодақтық байқаудың жүлдегері Рахым Тәжібаев дүниеге келді.
Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Мемлекеттік эстрада студиясын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1967-1993 жылдары аралығында «Қазақконцертте» қызмет істеген. Қазіргі қызметінде 1993 жылдан бастап істейді.
2009 жылы Румынияның Яссы уезіндегі Струнга коммунасының Братулешть ауылында 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Қатардағы Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдi және соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылды. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында қызмет етті.
Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агенттігінің және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.