21 Тамыз 2013, 08:57
Бүкілдүниежүзілік Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (ЖҚТБ) құрбандарын еске алу күні. 1983 жылдан бастап, мамырдың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Арменияның Әуе қорғанысының күні. 1992 жылғы мамырда Армения Республикасының Қарулы Күштерiнiң әуе қорғаныс бөлiмшелерiнiң құрылуы аяқталды. Осы уақыттан бастап мамырдың үшінші жексенбісі Арменияның қарулы күштерінде Әуе қорғанысы күні болып атап өтіледі.
2008 жылы Шымкентте «Астана Моторс» Қазақстан мотор компаниясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі автомобиль кешенінің ашылу салтанаты болды. Жалпы алаңы 6 700 шаршы метрді құрайтын Қазақстан мотор компаниясы салған мультибрендті кешен жабық үлгідегі екі автоорталықты құрайды. «Алғаш рет біз Қазақстанда бір шатырдың астына әлемге белгілі бес автомобиль брендін біріктірдік. Олар Toyota, Subaru, Hyundai, BMV, Nissan болып табылады. Бұлардың бәрі де Қазақстан нарығына ресми түрде «Астана Моторс» Қазақстан мотор компаниясы арқылы шығады», - деді «Астана Групп» президенті Нұрлан Смағұлов. Автомобильдердің барлық бес маркасы үшін қызметтердің толық кешені ұсынылған. «Мұнда автомашинаны, қосалқы бөлшектерді сатып алуға, қызмет көрсетуге, автомобильді несиеге және лизингке ресімдеуге, сақтандыруға болады. Кейіннен дәмхана, демалыс аймағы және балалардың ойын алаңы да болады», - деді Нұрлан Смағұлов.
1935 жылы ақын Оразақын Асқар дүниеге келді. Ақын Батыс Түркістан өлкесіне қарасты Іле аймағында туған. Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1955 жылы атамекені Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды. Шекарадан өлең толы қолжазба дәптерлерін ала келген Оразақын бірден Алматыдағы Жазушылар одағына келіп, ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жаппар Өмірбековтерге жолығады. Олар жас ақынның өлеңдерін ұнатып, сол кезде баспаға дайындалып жатқан жас ақындардың «Қос жүрек» атты жинағына бір топ өлеңдерін дереу енгізеді. 1961 жылы араб әрпін білуіне байланысты арнайы сұраныспен Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, Поэзия секциясында орынбасар болып қызмет атқарады. 1970-1984 жылдары Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің аға редакторы болды.