21 Тамыз 2013, 08:49
Кеңестер Одағы халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен күні. 600 мыңнан астам қазақстандық бұл соғыстан оралмады.
Соғыс кезінде көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары мен Мәскеу, Ленинград, Киев және басқа да қалалардың оқу орындары Қазақстанға қоныс аударды. Олардың ішінде физиология, микробиология, биохимия, шығыстану институттары болды.
Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақтар алды. Олардың бесеуі - бір, төртеуі - екі, екеуі - үш орденмен марапатталды. Бес дивизия гвардиялық аталды, олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы атақты 8-гвардиялық дивизия бар. Жалпы Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен И.В.Карпов басқарған 1075-атқыштар полкі Мәскеу түбінде ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізе отырып, өз позицияларын сақтап қана қоймай, сонымен қатар дұшпанға қарсы пәрменді шабуылға шығып отырды. Төрт қазақстандық Т.Ж.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және С.Д.Луганский 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұрыс кезінде қаза тапқан пулеметші М.Мәметова және мерген Ә.Молдағұлова Батыр атағын алды. Батыр атағын алғандар қатарында атқыштар Т.Тоқтаров, С.Баймағамбетов, С.Лутфиллин, Мин Сен Юр, артиллеристер С.Мүткенов, И.К.Новиков, ұшқыш Н.Әбдіров, минометші Қ.Сыпатаев, атты әскер М.М.Қаратаев, сапер П.И.Гончаров, политрук М.Ғабдулин, торпедалық катер командирі Б.П.Ущев және басқалар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері болды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Р.Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Е.Вицько, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.
2009 жылы Қарағандыда жаңа Жеңіс саябағы ашылды. Бұл саябақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұсынысы бойынша құрылды.