21 Тамыз 2013, 08:36
Елімізде тарихи қосалқы білімдердің ішінде кенжелеп қалған бір саласы бар. Ол мұражайтану мен оның педагогикасы. Тарихты оқыту арқылы тәрбиелеу саласына қатысты еңбектер жарық көргенімен, аталған саладағы әдебиеттердің орнын толтыра алмай келеді. Міне, осы кемшін тұсымызды толтыратын жаңа ғылыми еңбек оқырмандар мен ғылыми ізденушілерге жол тартты.
Жарыққа шыққан әдістемелік құрал педагогика ғылымының жаңа бағыты – мұражай педагогикасының ерекшеліктерін ашатын оқу материалдарын қамтиды. Оқулықтың мазмұнында мұражайдың білім беру қызметінің қалыптасуы мен дамуының және мұражай педагогикасының осы қызметтің ғылыми негізі ретіндегі мазмұнының ең маңызды аспектілері қарастырылады.
«Мұражай педагогикасы. Тарихы, теориясы, тәжірибесі» деп аталтын кең көлемді еңбек елімізде алғаш рет жарық көріп отыр. Жасыратыны жоқ, мұндай еңбектер бұрын-соңды еңбектер жазуға талпыныс та болмады. Мұражай – қоғамды тәрбиелеудің басты құралдарының бірі десек, осы еңбек тәрбие құралы үшін таптырмас әдістемелік құрал болып табылады. Оқулықтың бұл бір ғана қыры. Ал, екінші бір қыры мұражай саласына қызығушы әуесқойлар мен кәсіби мамандар үшін жол нұсқаушы құрал болып табылады. Ғылыми еңбектің маңызы мұнымен ғана шектелмейді. Оқулық Қазақстандағы мұражайлардың төлқұжаты тәрізді. Еліміздегі әр мұражайларға тоқталып, тарих ғылымын зерттеудегі бағыттары жайлы мағұлматтар береді. Сонымен қатар, шетелдік мұражайлардың түрлері мен қызмет ету саласы туралы деректерге тоқталады.
Оқулық авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы Үмітхан Мұңалбаеваның еліміздегі мұражай саласының еңсесін көтеруге қосқан үлесі зор. Оның бастамасымен елімізде алғаш рет 2011 жылдың 17-19 мамыр аралығында Астанада Қазақстан мұражайтанушыларының алғашқы форумы өтті. Форум қатысушыларының шешімі бойынша ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитетінің қолдауымен «Қазақстанның мұражайлары ассоциациясы» Қоғамдық бірлестігін құру жайында резолюция қабылданды. Форумды өткізуді «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешені директоры Үмітхан Мұңалбаева ұсынып, Қазақстан мұражайларының басын қосатын ең алғашқы заңды тұлға болып табылатын мекемені қалыптастырды. Осыған қарап аңғаратынымыз, жарыққа шыққан оқулық тәжірибеден өтіп, сарапталып, пысықталған. Себебі, автордың бұл саладағы белсенді қызметі мен ізденісі осыны дәлелдей түседі.
Оқулықта автор білім ошақтары мен ғылыми зерттеу орталықтарын, ғылыми ізденушілерді мұражай қызметі арқылы шебер байланыстыра білген. Бұл дегеніміз мұражай арқылы тұтас қоғамды тәрбилеуге кең мүмкіндік болатынын білдіреді.
Оқулықты жазу барысында көркемдік әдісі кеңінен қолданылғандықтан, теориялық мәліметті меңгеру қолжетімді, ал оны қабылдау едәуір бейнелі болып келеді.
Кітапқа мұражай терминдерінің сөздігі, коллециалаудың түрлері туралы анықтамалық ақпараттар қосымша ретінде берілген.
Мұражай педагогикасына арналған кең көлемді бұл еңбек алдағы уақытта сала мамандары үшін жемісті қызмет етері сөзсіз.