21 Тамыз 2013, 08:10
Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің құрылған күні (1993). Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы Күштер құрамындағы Әскери-теңіз күштері құрылды.
Халықаралық балаларға арналған кітап күні. 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.
Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2007 жылғы желтоқсанның 18-інде арнайы № A/RES/62/139 қарарымен бекіткен. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген. Қарар қоғамды, оның ішінде отбасыларын, аутизмнен зардап шеккен балалар туралы хабардар ету үшін барлық шараларды қабылдауға ұсыныс береді.
1996 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.
2008 жылы Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиадалық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы мұз айдынында орнатылған тұғырға фанфар әуенімен көтерілді. Елбасымен бірге тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь мен 1980 жылғы олимпиадада грек-рим күресінен чемпион атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров көтерілді. Алаңда сондай-ақ, әр жылдары алтын медаль жүлдесін жеңіп алған қазақстандық спортшылар сап түзеді. Қазақстан Президенті олимпиадалық алауды Қытай елшісінің қолынан қабылдап алып, оны алғашқы болып өзі алып жүрді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада алауын қазақстандық атақты боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевқа табыс етті. Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасының ашылу рәсімінде Қазақстан жалауын алып жүру құрметі Бақтияр Артаевқа сеніп тапсырылған еді.