21 Тамыз 2013, 08:01
Наурыз мейрамы. Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша наурыз ай аты емес, тек бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.
«Ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді.[1] Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. [2]
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі»[Уикипедия].
Бүкіләлемдік су қорлары күні. 1992 жылғы маусымның 3-4-і аралығында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференцияда 22-ші наурыз – Бүкіләлемдік су қорлары күні деп жарияланды. Балтық теңізі күні. 1974 жылы Финляндияның Хельсинки қаласында Балтық теңізі ауданындағы теңіз қоршаған ортасын қорғау жөніндегі Конвенцияға қол қойылды. Планетарийлер күні. Көктемгі күн мен түннің теңесу күніне таяу жексенбіде аталып өтеді. Ең алғашқы рет 1990 жылы Италияда Итальяндық планетарийлер қауымдастығы бастамасымен өткізілген. Халықаралық мәртебеге 1994 жылы француздық «астрономия шіркеуі» қолдағаннан кейін ие болған. Бір жылдан соң бұл мейрам Европаның тағы да алты мемлекеті: Бельгия, Чехия, Словакия, Польша, Украина және Ресейде аталып өткен.
1993 жылы Павлодарда «Ватан» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы құрылды.
1995 жылы Мемлекеттік «Продкорпорация» компаниясы құрылды. Компанияның басты мақсаты болып еліміздің стратегиялық астық қорын сақтау, мемлекеттік астық қорына жауапкершілікпен қарау, ішкі астық нарығын және астық экспортын тұрақтандыру табылады.