21 Тамыз 2013, 07:45
Венгрия Республикасының Ұлттық мейрамы - 1848-1849 жылдардағы Буржуазиялық-демократиялық революцияның басталуы. Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Астанасы - Будапешт. Мемлекеттік тілі - венгр (мадьяр) тілі. Ақша бірлігі - форинт. Венгрия парламенттік республика. Елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Атқарушы билікті Мемлекеттік жиналыс құрамындағы әр түрлі партия өкілдерінен құралған үкімет жүргізеді.
Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-де орнатылды.
Бүкіләлемдік тұтынушы құқы күні. 1961 жылғы жылғы наурыздың 15-де болған АҚШ Конгресінде Джон Ф.Кеннеди сөз сөйлеп, тұтынушының негізгі төрт құқын атап өтті: 1. Қауіпсіздігін сақтау құқығы, 2. Таңдау құқығы, 3. Тауар сапасы, 4. Сөзін тыңдату құқығы. Әлемдегі барлық тұтынушы құқын қорғау қоғамдары бұл сөздерді манифест ретінде қабылдады.
Беларус Республикасының Конституция күні. 1994 жылы Беларус Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің жаңа негізгі заңын қабылдады. 1996 жылғы қарашаның 24-дегі халықтық референдум нәтижесінде БР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Беларус Республикасы Шығыс Еуропа жазығындағы Днепр, Батыс Двина мен Неман өзендерінің аңғарларын алып жатқан мемлекет. Астанасы - Минск. Мемлекетті тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль. Діні - православие. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - екі палаталы Парламент. Ол төменгі (өкілдер кеңесі) және жоғарғы (Республика Кеңесі) палатадан тұрады.
Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-сында орнатылды.
2005 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданында Жауынгерлер даңқы мұражайы ашылды. Мұражай экспонаттарының арасында аудандық соғыс ардагерлерiнің жеке заттары, каска, сапер күректері, ордендері және медалдары, үшбұрыш хаттары бар. Сонымен бiрге, сол жылдары жарық көрген кеңес жауынгерлерінің батырлығы туралы баяндайтын шығармалар, фотоальбомдар да бар.
2010 жылы Қазақстанда алғашқы исламдық «Al Hilal» банкі ашылды. «Al Hilal» банкі Қазақстан үкіметі мен Біріккен Араб Әмірлігінің үкіметі арасындағы келісім нәтижесінде құрылған. Исламдық қаржы жүйесін жүзеге асыру үшін еліміздегі Азаматтық және Салық кодекстеріне, банк қызметтерін қадағалайтын нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді.
«Al Hilal» банкінің мақсаты - исламдық банк ісінің профилін арттыру және Қазақстан экономикасының дамуына әсер ететін жобаларға қатысу. «Al Hilal» банкінің мамандары сақтандыру қызметтерімен ғана шектелмей, жергілікті тұрғындардың исламдық қаржы-қаражат бойынша сауаттылығын арттыруды көздеген семинар дәрістерін жүргізді.