21 Тамыз 2013, 06:37
Куәйт мемлекетінің ұлттық мерекесі - Ұлттық күн. 1961 жылы ақпанның 25-інде Куәйт әмірі Абдалла ас-Салем ас-Сабахты таққа отырғызудың құрметіне белгіленген. Қазақстан Республикасы мен Куәйт Мемлекеті арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы қаңтардың 1-інде орнаған.
1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Камбоджа Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
1999 жылы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы басталды. Санақ наурыздың 4-іне дейін жалғасты. Мемлекет аумағы 1 463 санақ бөлімдеріне бөлінді. Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 673 400 адам тұрады. 2009 жылғы ақпанның 25-інен наурыздың 6-сына дейінгі аралықта екінші халық санағы өтеді.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «1994 жылы ауылшаруашылық кәсіпорындарына көмек көрсету туралы» Жарлығы мен «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысы жарияланды.
2005 жылы Мәскеуде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының белгілі әншісі Жәмила Баспақованың концерті өтті. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында Жәмиланың орындауында В.Моцарт, Г.Доницетти, Дж.Пуччини, Дж.Мейербер, М.Глинка, Н.Римский-Корсаков, Л.Хамиди сияқты композиторлардың операларынан ариялар шырқалды.
2005 жылы Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталатын Мәдениет орталығында ақынның бір ғасырлық мерейтойына арналып, «Дария сыры-ақын жыры» деген атаумен облыстық ақындар айтысы өткізілді. Ақиық ақын, сатира сарбазы, өткір публицист Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған айтысқа аймақтың 20-дан астам суырып салма ақындары қатысып, Сырдың атақты перзентінің қазақ әдебиеті мен өнеріндегі алатын орны мен беделін айшықты тіл, орамды жыр шумақтарымен кестеледі. Ақындар айтысы әділ қазылар алқасының мүшесі ақын Әскербек Рахымбековтің айтуынша, негізінен жас ақындардың жаңа толқыны қатысқан қызу да қызықты өткен айтыстың бас жүлдесін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Еркін Садықұлы жеңіп алды. Ал, бірінші бәйге Жастар одағы сыйлығының лауреаты Зухра Төлеповаға тисе, екінші орынды студент Нұрмат Мансұров пен белгілі айтыскер Кенжебай Жүсіпов, үшінші орынды аралдық Дархан Оразымбетов пен қызылордалық Айдос Рахметовтер бөлісті. Айтыскер ақындарды Асқар Тоқмағамбетовтің қызы Аякөз Тоқмағамбетова құттықтап, оларға алғыс айтты.