21 Тамыз 2013, 05:19
Жыл сайын, жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымының бас қосып, алқалы жиын өткізетін дәріпті дәстүрі бар.
Осы орайда кеше бас қаламыздағы «Конгресс-Холл» сарайында «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» деген тақырыппен, педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз жиналысы өтті. Осы күні сондай-ақ елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов астаналық 11 ұстазға пәтер кілтін табыс етті. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді 6 төсбелгімен марапаттады. Оның ішінде үшеуі – Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдар.
Астана басшысы Иманғали Тасмағамбетов жиын кезінде қазақ тілін оқыту және үйрету ісін дамытуға қатысты «шағын дәріс» айтты. Өз ойларын, көңілге түйгендерін ашық ортаға салған Иманғали Нұрғалиұлының біраз тұжырымдары мен ұсынымдары тек астаналық қана емес, еліміздің барлық жеріндегі қазақ тілі мұғалімдеріне кәдеге жарар еді.
–Маған бір адам француз тілін оқыту бойынша бірінші сабақтан алған әсерімен бөліскені бар,–деді Иманғали Нұрғалиұлы.–Бірінші сабақта мұғалім не әліпби, не грамматика туралы мүлдем сөз етпеген, оның орнына ол 2 сағат бойы Франция туралы ұлтжандылықпен, майын тамыза әңгімелеген. Осыдан кейін тіпті сырттай бақылаушының да сол мезетте осы тілді үйренуге кірісіп кетуге көңілі құлары анық. Ал бізде ше? Қазақ тілінің кез келген оқулығын алыңызшы! Сізде бірден шектен тыс шаблон-қалыпшылдыққа салынудың бейнесі мен қабылдаудың қиындығы сезімі туындайды,–деген ол осыдан кейін тілді үйренуге деген құлық түгіл, құштарлықтық құритындығын жасырмады.
И.Тасмағамбетов осы тұста грамматикалық ерекшеліктері бойынша қазақ тілінің француз тілінен еш күрделі еместігін, әрі көркемдігі жөнінен де еш қалыспайтындығын алдан тартты. Сондықтан Астана әкімі қазақ тілін оқытудың тың әдістемесін ендіруді жақтайды екен.«Қазіргі уақытта қазақ тіліндегі мектептер, газет-кітаптар, телебағдарламалар көп, бірақ тілді дамыту үшін кең аудитория керек. Қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу керек» деді ол.
Елорда басшысының тұжырымдауынша, мемлекеттік тілді үйрену проблемасының түп-төркіні«тілді меңгерудің күрделілігінде» емес, «тілді үйрету тәсілінде» жатыр. Сол себепті, әрбір мұғалім қазақ тілі сабағын өзінің қалай бастайтындығы туралы ойласуға тиісті. Әр сабақ бірден оқушылардың назарын «жаулап» алуға құрылуы керек.
–Кез келген адам өзінің табиғаты бойынша әуесшіл, білуге құмар,–деді Иманғали Тасмағамбетов.–Оқушының бірінші алар әсеріне көп нәрсе тәуелді. Бұл жерде оқушыны оқу үдерісіне тарту және сол қызығушылықты ұстап тұру өте маңызды! Біздің жағдайымызда ұстазға ең алдымен, қазақ тілінің әсемдігі, ерекшеліктері және бірегейлігі туралы тартымды да қызғылықты шағын баяндама жазып алу керек болады.
Мысалға, ресейлік белгілі психолингвист, 30 тіл білетін, соның ішінде 8-і бойынша тікелей ілеспе аударма жүргізе алатын, «Гиннесс рекордтар кітабына» кірген Дмитрий Петров француз тілі бойынша оқытқанда, сабақ басында бұл тілдің орта ғасырларда тіпті Англия билігінің, ағылшын аристократтарының тілі болғандығын әңгімелеп, таңдай қақтырады. Ал, кеше Иманғали Нұрғалиұлы қазақ тілін оқытушыларға осы тараптағы өз ұсынысын айтты: мәселен, әдеби орыс тілінің негізін қалаушы Пушкиннің сөздік қоры 21 мың сөзден аспайтындығын көпшілік біле бермейді. «Ал Шекспирде – тек 15 мың ғана,–деді И.Тасмағамбетов.–Енді қараңыз: Мұхтар Әуезов тек «Абай жолы» романында ғана 17 мыңнан астам сөзді қолданған. Тұтастай алғанда, қазақ тілінің 15 томдық сөздігінде 166 мың сөз бар!»
Иманғали Нұрғалиұлы қадірленбеген, дамытылмаған тілдердің жаһандану жағдайында жұтылып кетуі мүмкіндігін жасырмады. Оның байламынша, жаһандану бүкіл әлемдік дамуға жақсы ықпал етеді, бірақ бақылаудан шыққан жаһандану ұлттарға, бірінші кезекте, тілге теріс ықпал етуі ықтимал.
–Қазіргі заманда ұлттың орнықты дамуы мен жаһандық үдерістердің үдемелі дамуы арасында теңселтпес теңгерім табуымыз қажет,–деді ол.–Әрине, табысты экономикалық қызмет бір тілде тез ақпарат алмасудың жүзеге асуын талап етеді. Мұндай тіл – ағылшын тілі болып табылады. Бұл тілдің тек экономикалық тиімді болуы себепті ғана емес, сонымен бірге осы тілдегі оқыту технологияларының қолжетімді және қызықты болуы арқасында бүкіл әлем бойынша таралып жатқаны әбден айқын,–дей келе, Астана әкімі ағылшын және басқа да әлемдік тілдерді оқыту әдістемелерінің ұтар тұстары мен артықшылықтарын нұсқады. Бұлар қатарында «материалдың еркін тілде берілуі», «жасампаз-креативтілігі», «әдістер мен тәсілдердің саналуандылығы», «оқулықтардың әсем безендірілуі», «санаға шектен тыс салмақ салатын академиялық жүктің жоқтығы» аталды.
И.Тасмағамбетов сонымен қатар педагогтарға ұстаздықты мектеп қабырғасымен шектемей, ғаламторға шығуға, тіпті сабақ жүргізу үшін жастар көп отыратын әлеуметтік желілер мен чаттарды пайдалануға шақырды.
–Әлеуметтік желілерде мүмкіндіктер мол,–деді Иманғали Нұрғалиұлы,–үй тапсырмаларынан бастап, оқушылармен үнемі байланыста болуға дейін. Бұл ретте мұғалім әлеуметтік желі арқылы жай ғана әңгімелесіп қоймай, сондай-ақ мезі қылмайтын бақылау жүргізе алады.
Ол ұстаздарға бүгінде балалардың виртуалды кеңістікті мектеп ұсынатыннан мүлдем басқа мүдделер мен қызығушылықтар бойынша бірігетін жер ретінде пайдаланатынын түсіндірді. Әлеуметтік желілерді әр оқушының дарынын танып, ашуға да пайдалануға болар еді. И.Тасмағамбетов бүгінде кейбір мектеп жетекшілерінің өз оқушыларының дарынын ашпақ түгіл, қайсысының үйірмелерге баратынын да білмейтіндігін қынжыла айтты.
Тамыз конференциясы барысында Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова Астанада биылғы 1 қыркүйекте ағылшын тілі 1- сыныптан бастап негізгі мектеп бағдарламасына енгізілетіндігін мәлімдеді.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендинаның дерегінше, бүгінде елордада 11 мың 142 мұғалім бар. Ал білім беру ұйымдары саны 280 нысанға жетті.