21 Тамыз 2013, 05:12
ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың богына Ерментай Седел атты білімге құштар жас талап хат жазып, өтінішін білдіріпті.
Ол биылғы Швецияның Гетеборг қаласында өткен EUROMATH-2013 халықаралық ғылыми жобалар конкурсының 1-ші орын иегерімін (математика және биология пәнінен) депті. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне құжаттарымды тапсырған. Бірақ ол осы оқу ордасынан келген жауап бойынша, мемлекеттік грантты бөліп беру конкурсына қатысу құқығы туралы анықтамада (Сертификат № ТЖК 901001371, балл көрсеткіші 100) халықаралық ғылыми жоба конкурсының женімпаздар (призер) тізіміне еңгізілмеген. Соның салдарынан "Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесінің" 6 тармағына сәйкес мемлекеттік грант алу құқығына ілікпей қалған. Арызданушы, қолында таңдау пәні биология болып табылатын 1-ші орын иегерінің сертификаты бола тұра, өзінің халықаралық ғылыми жарыстың жеңімпазы екендігі расталмай отыр екен. Министрден осы мәселені шешіп беруді сұрапты.
ҚР БҒМ Б.Жұмағұловтың жауабында былай деп көрсетілген: «Қазақстан Республикасының «Білім заңының» 5-тарау, 26-бабында көрсетілген білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде:
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдарымен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
Министр мырза: «Ерментай Седел сәуір айының 10-14 аралығында Швеция, Гетеборг қаласында өткен «Euromath» халықаралық ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздар қатарында болмағандықтан, қатысушы ретінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдегерлер тізіміне қосылуға мүмкіндігін ала алмады»,– депті жауабында.
Конкурс қорытындылары www.euromath.org сайтында жарияланған.
Дәулетқали АСАУОВ