21 Тамыз 2013, 04:20
Серб Республикасының күнi - мемлекеттiк мереке. 1992 жылғы қаңтардың 9-да Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы жарияланды.1992 жылдың сәуірдің 5-де Босния мен Герцеговина Югославиядан тәуелсіздігін жариялаған соң, Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы 1992 жылғы сәуiрдің 7-де Босния мен Герцеговинадан бөлiнетіні туралы және Югославияның құрамында қалатыны туралы жария етті. 1992 жылғы тамыздың 12-нен бастап республика Серб Республикасы деп аталатын болды.
1799 жылы бұл күні Англияда табыс салығы пайда болды.
1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Германия Федеративтік Республикасында, Иран Ислам Республикасында, Франция, Әзербайжан, Армения, Беларус, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина Республикаларында және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының елшіліктері ашылды.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды.
2008 жылы Париж маңындағы Ножан-сюр-Марн қаласында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш тақта ашылды.
Мемориалдық тақтада Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны мен Қазақстанның тарихи-географиялық мазмұны жазылған. Қалалық мұражай басшылығының пікірінше, бұл мемориалдық тақта мұражайдың басты жәдігерлерінің бірі болады.
Мұстафа Шоқай 1889 жылғы желтоқсанның 25-інде Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Мұстафа Шоқай - Алаш қозғалысы қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист.
2008 жылы Астанада салық мәселелері бойынша қызмет көрсететін Call-орталық ашылды. Қаржы министрлігінің ғимаратында орналасқан Салық комитетінің Call-орталығы жұртшылықты салық мәселелерімен таныстыруда, сондай-ақ салық заңнамаларының нормаларына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында ашылып отыр. Бүгінгі таңда кез-келген жеке тұлға, соның ішінде жеке кәсіпкер 58-09-09 телефонына қоңырау шалып, Салық комитетінің мамандарынан өзіне қажетті көмек ала алады.
2010 жылы Мемлекет басшысы көліктік, ветеринарлық, санитарлық-карантиндік бақылауды және өсімдіктер карантинін бақылауды жүзеге асыру бойынша функцияларды кеден органдарына беру арқылы мемлекеттік шекарадан тауарларды және көлік құралдарын алып өту кезінде автомобильдердің өту пункттерінде интеграцияланған бақылауды енгізуге бағытталған «Кеден ісі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.