20 Тамыз 2013, 06:26
Үкіметтік блогта қарапайым хат жазушылар шенді-шекпенділерді құттықтап, алғыс-рахметтерін жазу сирек. Мұндай ресми қоржындар әдетте арыз-шағымдарға «шүпілдеп» толып тұрады. Сондықтан, оқырман тарапынан сирек келіп түсеттін «жанрлардың» бірі – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусиннің атына Нұрсұлтан Еділұлы жазған құттықтау хатты ескерусіз қалдыра алмадық.
Хат мәтіні мынау: «Құрметті Аслан Есболайұлы, сізді Электрондық Үкімет порталы арқылы келе жатқан ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын. Еліміздің қарқынды дамып келе жатқанына... халықымызда куә. Сіз біраз жылдан бері басшы болып басқарып келесіз, Ақтөбе облысының әкімі, Атырау облысының әкімі, ҚР Экономика бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып қызмет атқардыңыз... Қазіргі таңда Республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасысыз. Сіздің қазақ елі алдындағы еңбегіңіз бар. Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың да тапсырмасын уақытылы орындаудың өзі үлкен еңбек болып табылады. Отбасыңызға береке мен есен аманшылығымды тілеймін. Құрметпен, Ақтөбе қаласы тұрғыны Нұрсұлтан Еділұлы Қайрадин»,– депті хат жазушы.
Қарапайы оқырманның өзіне арнаған құттықтауын А.Мусин де ескерусіз қалдырмай, жауап жазып жіберіпті: «Біздің еліміз үшін шын мәнінде ерекше мереке Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Конституция – Қазақстанның өркендеуінің негізі, әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Мемлекет басшысы ұсынған және бүкіл халық қолдаған Ата заңымыз қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылықтың, жетістіктер мен өрлеу процестерінің алғышарты болып табылады.
Осы мерекенің қарсаңында Сізге және Сіздің отбасыңызға амандық, береке-бірлік, денсаулық, мол бақыт, табыс тілеймін!»,– деген екен ол да.
Дәулетқали АСАУОВ