16 Тамыз 2013, 04:18
«Атамекен» Қазақстан Картасы" этно-мемориалдық кешені Ата Заң күніне орай тамыз айы бойы елімізге белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдастыруды қолға алып отыр.
Кездесулердің басты мақсаты - жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, ел тарихына деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.
Игі шара 16 тамыз күні сағат 11.00-де ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғариннің кездесуімен басталады. Еліміздің әдебиеті пен өнерінің дамуына зор үлес қосқан жазушы кездесу кезінде патриотизм мен тарих мәселелеріне қатысты ойларымен бөлісіп, оқырмандар сұрағына жауап береді.
Сонымен қатар, 28 тамыз күні сағат 11.00- де филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбаймен кездесу өтеді. Жазушы кездесу барысында ел тарихына қатысты зерттеулері мен шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөліспек.
««Атамекен» этно-мемориалдық кешендегі бұл кездесулер елімізге белгілі қайраткерлермен толыға түсіп, алдағы уақытта кешеннің дәстүріне айналады. Кездесуге Астана қаласының тұрғындары мен қала қонақтары келіп, көкейдегі сұрақтарын қоя алады», - делінген аталған кешеннің мәліметінде.
ҚазАқпарат.