12 Тамыз 2013, 04:51
25 жастағы футболшы «Динамо» сапында 30 ойынға қатысып, 2 голдың авторы атанды. Одан кейінгі жылдары «Москва», «Шинник» командаларымен тікелей байланысты. Бес жыл үзбей Ресей чемпионатында тұрақты түрде өнер көрсетті. Ал 2007 жылы «Тобылдың» бас бапкері Дмитрий Огайдың шақыруымен Қостанай командасының қатарын толықтырды. Арадағы бірнеше жылғы үзілістен соң, Қазақстан чемпионатына ауысқан ол Нұрбол Жұмасқалиев, Азат Нұрғалиев, Александр Голбан сияқты шеберлермен тізе қосып тамаша өнер көрсетті. Әсіресе, оның керемет пастары мен айып соққысын орындау шеберлігі алаңға жиналған жанкүйерлерді желпіндіріп тастайтын. Қазақстанға қайта оралған 2007 жыл ол үшін жаман өткен жоқ. Қостанайлық команда «Интертото» Кубогында атой салып, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Сондай-ақ, Қазақстан Кубогы да сол жылы осы командаға бұйырды. Ал ел біріншілігінде үздік үштіктің қатарында болды. Келесі жылы алтынға сынық сүйем жетпей, біріншіліктің күміс жүлдесін еншілейді. Ол «Тобыл» сапында үш жыл тер төкті. Сол үш жылдың ішінде команданың үздіктерінің қатарында болды. Бас бапкер Дмитрий Огай қызметінен кеткен соң, Ресейдің Бірінші лигасындағы «Жемчужина-Сочи» командасына ауысады. Араға бір жыл салып, Дмитрий Огай «Қайратқа» бас бапкер болып келгенде, өзінің сүйікті шәкіртін командаға шақырады. Футболдағы карьерасының соңғы жылында осы Алматы қаласының бас командасының капитаны болды. 2012 жылы ойыншы ретіндегі карьерасын аяқтау жайлы шешім қабылдайды. Қазіргі кезде «Оқжетпес» клубының спорттық директоры болып қызмет етіп жүр.
Ұлттық құрамада
Ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын 1997 жылы 2қыркүйекте Қытайға қарсы жолдастық кездесуде өткізді. Сол жылы 20 қыркүйекте Өзбекстан құрамасына қарсы ойында өзінің дебюттік голын соқты. Ал 2000 жылы БАӘ құрамасына қарсы өткен жолдастық кездесуде біздің жігіттер 5:2 есебімен ұтылып қалды. Осы ойындағы екі голды пенальтиден Руслан соқты. Жалпы Руслан Балтиев ұлттық құрама сапында 73 ойында 13 гол соққан. Осы көрсеткіші арқылы ол өткізген ойын саны мен соққан голдары бойынша әзірге көш бастап тұр. Ұлттық құрама сапында 1997-2009 жылдар аралығында үзбей өнер көрсеткен ардагер футболшымыз 2010 жылы құрамамен қошатасатынын мәлімдеді.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2000, 2008 жылдары
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2007 жылы
Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2007 жылы
Бек Төлеуов «Sport»