11 Тамыз 2013, 13:54
Естай Беркімбаев (1874 жылы бұрынғы Павлодар облысы, Краснокут ауданы, Ақкөл совхозында туған, 1946 жылы қайтыс болды) — қазақтың көрнекті әншісі, ақын-сазгері, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1939). Ол кедей отбасында туған. Естай әндік-ақындық ортада өскен, анасы Күлипа мен ағасы Байтолым белгілі әншілер болған. Естай олардан жыр, дастандар мен толғауларды орындау мәнерін үйренген. 16 жасында халық әндерін талантты орындаушы, халықтық музыка дәстүрін жалғастырушы тұлға. 20 жасында Ертіс атырабына белгілі әнші болды. Осы өнердің арқасында көп жерлерді (Қараөткел, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу) аралайды. Сұлу Көкше мен Баянға барады. Бұл сапарында Біржанмен кездесіп, оның өнерінен тәлім алды. Әнші-сазгерлер Біржан, Ақан сері мен Жарылғапбердінің өнер-өнегесінен сусындаған Естай олардың тек әншілік-орындаушылық өнерін ғана емес, сазгерлік өнерін де ілгері дамытты: көптеген әндер ("Бір мысқал", "Майда қоңыр". "Ашу — пышақ", "Шоқ қара ағаш") шығарды, Естайдың әнші-ақындық, сазгерлік талантын бүкіл қазақ сахарасына мәшһүр еткен әні — "Қорлан". Осы шығармасымен классик сазгерлердің қатарынан орын алды.[1] "Қорлан" — Естай шығармаларының шыңы, жүрегі (Жұбанов А., Замана бұлбұлдары, А., 1963, 248-бет). "Қорлан" әнін М. Төлебаев "Біржан-Сара" операсында, Е. Г. Брусиловский "Ер Тарғын" операсында, С. И. Шабельский мен Л.М.Шаргородский "Қобыз бен оркестрге арналған концертінде" (2-бөлімінде) шығармашылықпен пайдаланды. Жаңа өмір жайында "Туды күнім", "Өмір" атты әндер шығарды. 1939ж. Алматыға келіп, көп әндерін нотаға түсіртті. Әншілік ақындық сайыстарға қатысып, Жамбылмен неше рет кездесті. Сол жылы Қазақстан Жазушылар Одағының II съезіне қатысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасында әсем әнімен, жалынды жырымен халықты жеңіске жігерлендірді. 1945 ж. Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесіне қатысты. Мұнда Нартай, Нұрлыбек т.б. ақындармен айтысқа түсті. Оған арнап М. Әлімбаев "Естай- Қорлан" поэмасын (1968) жазды.
1868 ж. қазіргі Павлодар облысы Екібастұз ауданы қарасты Ақкөл ауылында өмірге келген.
1939 ж. қыркүйегінде "Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері" деген құрметті атақ берілді.
1940 ж. Қазақстан Композиторлар одағына мүше болып қабылданды.
"Майда қоңыр", "Жүректе", "Мәлике", "Өмір", "Қоңыр жел", "Дүние", "Шоққара ағаш" «Хұсни-Хорлан»- Әні мен сөзі Естайдікі, орынд. Р. Абдуллин.
Уикипедия