11 Тамыз 2013, 12:52
Қарағанды облысы өзендерінің ішіндегі шаруашылыққа маңыздылары Балқаш – Ертіс суайрығынан басталып, Теңіз – Қорғалжын көліне құятын Нұра, оның сол салалары – Шерубайнұра және Құланөтпес пен Көң өзендері. Сонымен қатар Қарасор көлі алабының өзендері – Жарлы, Қарқаралы, Талды және Ертіс алабына жататын Есіл, Өлеңті, Шідерті, Түндік өзендерінің де маңызы айтарлықтай. Облыстың батыс жағын суландыруда Сарысудың, Терісаққан, Торғай, Ұлы Жыланшық өзендерінің Жоғарғы ағыстарының және Байқоңыр, Қалмаққырылған, т.б. көптеген кіші өзендердің маңызы өте зор. Облыстың оңтүстік-шығысын Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Қусақ, т.б. өзендер суландырады. Өзендерінің суы аз, тек көктемде қар еріген кезде ғана суы молаяды да біраз күн тасиды. Жаз ортасында кіші өзендер саязданып, сулары кермектеніп, қарасуларға бөлініп қалады, кіші өзендер тартылып қалады.
Қарағанды облысында жалпы ауданы 926 км2 болатын 1910 көл бар (бұрынғы Теңіз ауданын қоспағанда). Олардың 90%-ы облыстың солтүстік аудандарында шоғырланған. Облысты екіге бөлетін 48 параллельден оңтүстікке қарай тек 108 көл ғана бар. Барлық көлдердің тек 131-інің ғана ауданы 1 км2-ден асады. Оларда 576 млн м3 су жиналады. Көлдердің көпшілігі көктемде суға толып, жазда құрғап, күзде сорға айналады. Ірілері: Балқаш, Қарасор, Қыпшақ, Керей, Қарақойын, Қияқты, Шошқакөл, Балықтыкөл, Шыбынды, Тассуат, Ащысу. Облыста 460 тоған мен бөген бар. Олардың ірілері: Нұра өзеніндегі Самарқан, Шерубайнұра, Жартас, Самар, Кеңгірдегі Кеңгір, Жезді, Атасудағы Қылыш, Сарысаздағы Ақтасты, Поливное, Қумоладағы Қарсақпай бөгендері. Ертіс – Қарағанды – Жезқазған каналдары Атасу кентіне дейін салынды. Оның бойында 6 бөген бар. Жер асты тұщы сулары кеңінен пайдаланылады.
Көлдері
Облыс аймағында 1600-ге жуық көл бар, оның ішінде 200-ден астамының ауданы 1 шаршы км-ден асады. Облыс жерінің онтүстік-шығыс бөлігінде су айдыны көлемі жағынан Қазақстаңдағы үшінші көл — Балқаш жағалауы кіреді. Көл Батыстан Шығысқа қарай созылыңқы (614 км) орналасқан. Ауданы 18,2 мың км2, су көлемі 106 км3, су айдынының теңіз деңгейінен биіктігі 342 м. Тереңдігі 6-12 м-ден (Батыс), 15 м-ге дейін (Шығыс) ауытқиды, ең терең жері — 26 м. Тұздылығы біркелкі таралмаған, Батыс бөлігі Іле өзенінің суымен тұщыланады, Шығысында тұздылық мөлшері 5г/л дейін жоғарылайды. Антропогендік әсерден Балқаш көлінің деңгейі 2 м төмендеп, суының сапасы да нашарлаған. Аласа таулы және қыратты суайрықтар мен үлкен тұйық ағынсыз алап көлдеріне қарағанда, анғарлық-арналық көлдер түрі көп тараған. Айдын ауданы 0,5-1,5 м2 ұсақ көлдер куаң жылдары жазда кеуіп қалады. Көлдер суының орта минералдылығы 1-10 г/л аралығында. Облыстың аласа таулы және қыратты Шығыс, Оңтүстік-Шығыс аймақтарындағы көлдердің қазаншұңқырлары кіші, таяз, аласа жағалаулы болып келеді. Қуаң жылдары олар құрғап қалады. Неғұрлым терең көлдерінің суы жыл бойы сақталады (Үлкенкөл). Үлкен тұйық ойыстардағы көлдер бежі және жер асты су ағындарының негізі болып саналады. Солардың бірі — Қаркаралы ауданында орналасқан Қарасор адырлы-жазықты тұйық ойыс. Ол өңірде 50-ге жуық (Қарасор, Саумалкөл, Балықтыкөл, т.б.) көлдер бар. Орта тереңдіктері 1 м, кей жерде 4-5м, орта тұздылығы 35-41 г/л. Көл түбінде емдеу мақсатында пайдаланатын күкіртгі-сутекті шипалы балшық тұнған. Облыстың Солтүстік-Батысында мына көлдер орналасқан — Шошқакөл, Барақкөл, Саумалкөл, Құнақай, Әжібексор, Тассуат т.б., Солтүстігінде Шыбынды, Қаракөл, Оңтүстік-Батысында — Дөңсары, Алакөл, орталық аймағында — Көктіңкөлі т.б. Тұздылығына байланысты олардың суы аса пайдаланылмайды. Облысты сумен тұрақты қамтамасыз етуде су қоймалары мен каналдардың маңызы зор. Су қоймалары: Самарқан (Нұра өзені), Шерубай-Нұра (Шерубай-Нұра өзені), Кеңгір (Кеңгір өзені), Жезді (Жезді өзені) т.б., сонымен қоса кіші өзендерде көптеген тоғандар салынған. 1973 жылдан бері облыс аймағында Ертіс—Қарағанды каналы жұмыс істейді. Бұл алып гидротехникалық құрылымның (суды төменнен жоғары деңгейге тасымалдайды) ұзындығы 458 км. Орта шамамен 75 м3/с су тасымалдап, Қарағанды, Теміртау сияқты ірі, және кіші қалаларды сумен қамтамасыздандырады. Су тасымалдау үшін 20-ға жуық насос стансалары іске қосылған. Облыс аймағында беткі су қорлары жеткіліксіз болғандықтан, жер асты суларының маңызы зор. Әр түрлі тереңдіктерде, яғни 10-100 м аралығында өспе су көздері мол. Бірақ көпшілік аймақта (шөлейтті, шөлді) олардың минералдылығы, оның ішінде кермектік қасиеті жоғары болғандықтан, ауыз су ретінде қолдану біраз қиындық келтіреді. Облыс аймағыңда 200-600 м жер қыртысы қабаттарында көзі тереңде жатқан жер асты сулары кең таралған. Олардың шаруашылықта кеңінен қолданылуы техникалық тұрғыдан әлі шешілмеген. Аймақта ғасырлардан бері пайдаланып келе жатқан көптеген құдықтар қолданылады (мал шаруашылығында). Олардың тереңдігі орта шамамен 4-10 м, сағатына шамамен 300-500 л су бере алады.
Уикипедия