Облыс тарихы

11 Тамыз 2013, 12:47

Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймаққа айналды. ҚОАК-тің Қарағанды облысы бойынша Ұйымдық комитетінің төрағасы, өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросының мүшесі Абдолла Асылбеков болды. Осы өңірдің тумасы, сол замандағы қоғамдық құбылыстардың, өзгерістердің ұйытқысы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бірақ ол 1937 жылдың зобалаңына ұшырап, нақақтан нақақ ауыр жазаға кесілді. 1938 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институтының құрылды. Ол кейін педагогикалық институттың, бұдан соң қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің негізін қалаған облыстағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. Бұл уақытта қала тұрғындарының саны 162 мың адамға ұлғайып, бүгінгі орталық бөлігіндегі ғимараттар мен үйлердің салынуы басталды. 1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түсті. 1943 жылы Қарағандыда облыстар арасынан алғаш рет өткізілген әйгілі ақындар айтысы болды. Облыстың барлық қалаларына, аудан орталықтарына, ірі кәсіпорындарына радио арқылы тыңдатылған бұл айтыста атақты халық ақындары Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Нартай Бекежанов, Ғабдиман Игенсартов, Нұрлыбек Баймұратов, Көшен Елеуовтер жыр додасын қыздырды. 1944 жылдың 31 желтоқсанында Теміртаудағы Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының бірінші мартен пешінің қатарға қосылып, қазақстандық тұңғыш болат алынды. 1947 жылы 12 миллион 565 мың тонна көмір өндіріліп, Қарағанды Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде танылды. Қазақ металлургия зауытында екінші мартен пеші іске қосылып, экономиканың нығаюы басталды. 1949 жылдың 16-21 маусымы аралығында қалада «Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеп, игеру проблемалары» жөніндегі Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізілуі аймақ ғылымының дамуына тың қозғау салды. Геология басқармасы құрылып, жаңа кен көздерін іздестіріп табу істерін кең ауқымды жүргізу жолға қойылды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш атом бомбасының сыналуы облыс тарихындағы қаралы таңба болып қалды. Төрт жылдан кейін Дегелең тауы тұсында сутегі қаруы жарылып, Егіндібұлақ аймағы өңірі тұрғындарына тағы ауыр зардап әкелді. 1949-62 жылдары бір кездегі әсем өңірдің ашық аспанында дүлей қарудың 266 жарылысы жасалды. Содан кейінгі уақытта да сынақтар тоқталмай, дала 300 рет ғаламат жарылыстардан сілкінді. 1950 жылдың 17 қазанында облыстағы екінші жоғары оқу орны — Қарағанды медициналық институты ашылды. Аймақтың өз білікті дәрігерлерін көптеп даярлауына мүмкіндік туды. Облыс елуінші жылдары тек өнеркәсібі дамуымен ерекшеленбей сондай-ақ ауыл шаруашылығын да өркендетті. 1956-57 жылдары аймақта ірі қара саны — 36,5 мың, қой мен ешкі 358,7 мың басқа жетті. Сонымен қатар бұл кезеңде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Облыс бойынша 1958 жылы 1957 жылмен салыстырғанда осы мақсатқа жұмсалған қаржы мөлшері 13 пайызға өсіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 28 пайызға артты. 1953 жылдың қыркүйегінде облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдады. Бұл жылы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» және Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдары қарағандылық оқырмандардың қолына тиді. Қарағандының түбіндегі Жауыртау етегінде туып-өскен Ғабиден Мұстафин бұдан соң аймақ өткендегісін баяндаған «Дауылдан кейін» және «Көз көрген» кітаптарын жазды. Уикипедия

Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймаққа айналды.

ҚОАК-тің Қарағанды облысы бойынша Ұйымдық комитетінің төрағасы, өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросының мүшесі Абдолла Асылбеков болды.

Осы өңірдің тумасы, сол замандағы қоғамдық құбылыстардың, өзгерістердің ұйытқысы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бірақ ол 1937 жылдың зобалаңына ұшырап, нақақтан нақақ ауыр жазаға кесілді.

1938 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институтының құрылды. Ол кейін педагогикалық институттың, бұдан соң қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің негізін қалаған облыстағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. Бұл уақытта қала тұрғындарының саны 162 мың адамға ұлғайып, бүгінгі орталық бөлігіндегі ғимараттар мен үйлердің салынуы басталды.

1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түсті.

1943 жылы Қарағандыда облыстар арасынан алғаш рет өткізілген әйгілі ақындар айтысы болды. Облыстың барлық қалаларына, аудан орталықтарына, ірі кәсіпорындарына радио арқылы тыңдатылған бұл айтыста атақты халық ақындары Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Нартай Бекежанов, Ғабдиман Игенсартов, Нұрлыбек Баймұратов, Көшен Елеуовтер жыр додасын қыздырды.

1944 жылдың 31 желтоқсанында Теміртаудағы Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының бірінші мартен пешінің қатарға қосылып, қазақстандық тұңғыш болат алынды.

1947 жылы 12 миллион 565 мың тонна көмір өндіріліп, Қарағанды Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде танылды. Қазақ металлургия зауытында екінші мартен пеші іске қосылып, экономиканың нығаюы басталды.

1949 жылдың 16-21 маусымы аралығында қалада «Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеп, игеру проблемалары» жөніндегі Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізілуі аймақ ғылымының дамуына тың қозғау салды. Геология басқармасы құрылып, жаңа кен көздерін іздестіріп табу істерін кең ауқымды жүргізу жолға қойылды.

1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш атом бомбасының сыналуы облыс тарихындағы қаралы таңба болып қалды. Төрт жылдан кейін Дегелең тауы тұсында сутегі қаруы жарылып, Егіндібұлақ аймағы өңірі тұрғындарына тағы ауыр зардап әкелді. 1949-62 жылдары бір кездегі әсем өңірдің ашық аспанында дүлей қарудың 266 жарылысы жасалды. Содан кейінгі уақытта да сынақтар тоқталмай, дала 300 рет ғаламат жарылыстардан сілкінді.

1950 жылдың 17 қазанында облыстағы екінші жоғары оқу орны — Қарағанды медициналық институты ашылды. Аймақтың өз білікті дәрігерлерін көптеп даярлауына мүмкіндік туды.

Облыс елуінші жылдары тек өнеркәсібі дамуымен ерекшеленбей сондай-ақ ауыл шаруашылығын да өркендетті. 1956-57 жылдары аймақта ірі қара саны — 36,5 мың, қой мен ешкі 358,7 мың басқа жетті. Сонымен қатар бұл кезеңде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Облыс бойынша 1958 жылы 1957 жылмен салыстырғанда осы мақсатқа жұмсалған қаржы мөлшері 13 пайызға өсіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 28 пайызға артты.

1953 жылдың қыркүйегінде облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдады. Бұл жылы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» және Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдары қарағандылық оқырмандардың қолына тиді.

Қарағандының түбіндегі Жауыртау етегінде туып-өскен Ғабиден Мұстафин бұдан соң аймақ өткендегісін баяндаған «Дауылдан кейін» және «Көз көрген» кітаптарын жазды.

Уикипедия

Бөлісу: