11 Тамыз 2013, 08:58
Қазанғап Тілепбергенұлы (1854 – 1921) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы.
Шежіресі
Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі — Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дарқан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады. Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген.
Өмірбаяны
Туып-өскен жері — Арал көлінің жағасы, Қүланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері — сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі — Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі — Шанышқылы.
Кіші жүздің Ресейге бодан болуы, ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә-бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім-түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке- шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада — Төреш, Бесқалада — Орынбай, Құрманияз, Орынборда — Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегіне армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады. Алайда жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уөделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тагдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға ұшырасады. Сонда Балжан:
"Қазанғап аға, тағдырдың бүйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Кінә өзіңізден, енді арамызда өкпе мен өкініш қалмасын. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!" — деп, ашық мінезбен ағынан жарылады.
Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт түғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклы қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады.
Шығармашылығы
Жалпы, Қазанғап — эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы "Ноғайлы босқыны" деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып, "Жұртта қалған", "Окоп" деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп, "Қызыл керуен" деп бебеулейді. Ал "Майда қоңыр", "Учитель", "Өтті-ау дүние", "Көкіл" сияқты күйлері өмірдің мәні мен сөні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмыеына ден қойғанда, оны да XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп таныған жөн.
Уикипедия