Мұқағали музейінен (ФОТО)

9 Тамыз 2013, 04:53

Мұқағали мұрасы – ұлттың қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Ақынның әдеби мұрасы ұлттық мұрамыздың жауһарлары қатарына қосылды. Ол әлі сан ұрпақты тәрбиелейтін қуаты бар, шөлдегенде сусын, шаршағанда сая болатын рухани құндылық бола бермек. Мұқағали поэзиясы қазақтың рухын көтеріп, бүкіл рухани әлемін байытты. Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мұқатаевтың әдеби-мемориалдық музейіндегі ақынның көзіндей болған жәдігерлердің сыры тереңге тартады. Мұқағали ақынға арналған музей қорында бүгінгі күні мыңнан аса жәдігер жиналыпты. Негізгі қорының өзі мыңға жуықтайды. Әр жәдігерінің өзі бір тарих. Ақынның өмірінен сыр шертетін мұралардың сырына бізде үңілген едік. Алтын қалам. Кезінде бұл қаламды Мұқағали ақынға Ғабит Мүсірепов сыйлапты. Күнделік жазуды жанына серік еткен ақын 1973 жылдың 17 наурызындағы жазбасында: «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде - Авт.) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы ба екендігіне күмәнім жоқ. Уақыт –ай!.. Әдебиет жалпы искуство жөнінде болар – болмас шолу жасап, пікірлестім. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді. «Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам). Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз отырғаны қатты әсер етті маған... кабинеті жұпыны, жазу столы тітпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш – жәлеміштер жоқ. Ұзынды – қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арабша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіре берісте саятшының сауыт – саймандары.... Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім – ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой» деп естелік қалдырыпты. Музейде тұрған «Алтын қаламға» тіл бітсе, осыны айтар еді. Бұл жәдігерлерді бүгінде ақынның күнделіктері сөйлетіп тұр.  Ақынның жазу машинкасы. Мұқағали ақынның өзі шашын бір сілкіп тастап, ой теңізіне сүңгіген қалпында ақ қағазға өлең өрнектеген шабытты кездерін еріксіз елестетеді.  Музей басшысы Ғалия Мүшірбекқызы: «Мұқаңның саусақтары осы машинканың түймелерінде тынымсыз ойнағаны анық қой. Таңды таңға ұрған жан кешті еңбектің куәсі осынау көне жәдігер. Ол сондықтан да қымбатты, сондықтан да қасиетті. Мұқағали ағамыз өлеңдерін ең алдымен қаламмен жазғаны белгілі. Қолтаңбасы да мөрдей. Алайда, баспаларға ұсынар кезде осы машинкамен жұмыс істегені және рас. Қалай десек те осы бір жазу машинкасы Мақатаевтар отбасының ең құнды мүлігі» дейді.  Қоңыр портфель. Қоңырқай тіршілік кешкен Мұқағали ақынның қоңыр портфелінен бірнеше бума қағазға жазылған жырлары төгілетіндей әсер береді. Кезінде соншалық мән беріп қарамайтын заттар қазір оны қайта көрген кезде адамға ерекше әсер туғызады. Ақын даңқы асқақтаған сайын, ұлы қаламгердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбаттап, қасиеттеніп кететіне таң қаласың. «Музей төрінде тұрған сары портфель келушілер көзіне оттай басылады. Жастардың оған жақындап барып тебірене көз салғанын талай рет байқадық. Бәрі – осы портфелді көтеріп жүріп баспаға, газет-журналдар редакцияларына, жазушылар одағына келе жатқан мұзбалақ ақын кейпін көздеріне елестетеді. Бұл портфель жаңа жазылған шығармаларды әрі-бері тасуға қызмет етті. Мұқағали алақанының табы бар жәдігер сондықтан да қастерлі» дейді музей басшысы.  Ақынға шахмат та шабыт берген. Мұқағалидың өміріне, іс-әрекетіне үңіліп қараған жан ақынның мәдениетке дең қойғанын аңғарады. Орыс тілін былай қойып, неміс тілін үйренуі, еуропалық классик композиторларының шығармаларын тыңдауы, әлем әдебиетіне қанығуы – осы сөздің дәлелдері. Сонымен қатар, шахмат ойнағанды да өте жақсы көріпті. Шахматтың да ақынға шабыт бергені анық қой.  «Мен өскен лашық бір бөлме» өлеңі негізінде жасалған диорамма. Ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 желтоқсанда майданға аттанады. Арада үй өткенде хабар-ошар біржола тоқтайды. Бала Мұқағали өзі де қиын кезеңдегі жетімдікті бастан кешіреді. Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның тәрбиесінде жетіліп жатқан оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген балалық сағынышы себеп болады. Қазір ескі Қарасазда орны ғана қалған, музейде диораммасы тұрған шағын лашық үйде Мұқағалидың балалық шағы өтеді. Әкесі Сүлеймен өз қолымен салған сол там туралы: Мен өскен лашық – бір бөлме, Бір бөлме – маған мың бөлме. Хан тағы қараң қалатын, Босағаңды аттап кіргенде, –  деп, туған үйдің құдіретін жырға қосқан да болатын. Алғашқы өлеңдерінің куәсі де сол бір өзен жиегіндегі «көзінің қарасындай қымбат» қоржын там да қазақ поэзиясының тарихына еніп кеткенін сезер ме екен ақын жүрегі. Осындай жәдігерлер орналасқан Мұқағали музейі – ең алдымен өнер үйі. Мұқағалидың әлемдік деңгейдегі ұлы талантын уағыздайтын киелі орталық. Мұқағали зердесін паналаған рухани игіліктерді жеткізу мүмкін емес. Мұқағали жасап кеткен дүние – енді ұлттық мұра, мәдени кеніш. Оны игеру болашақтың абыройлы міндеті. Өткен тарихын жадына мықты сақтаған ұрпақ қана тәуелсіздігімізді баянды ете алады. Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Мұқағали мұрасы – ұлттың қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Ақынның әдеби мұрасы ұлттық мұрамыздың жауһарлары қатарына қосылды. Ол әлі сан ұрпақты тәрбиелейтін қуаты бар, шөлдегенде сусын, шаршағанда сая болатын рухани құндылық бола бермек. Мұқағали поэзиясы қазақтың рухын көтеріп, бүкіл рухани әлемін байытты. Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мұқатаевтың әдеби-мемориалдық музейіндегі ақынның көзіндей болған жәдігерлердің сыры тереңге тартады.

Мұқағали ақынға арналған музей қорында бүгінгі күні мыңнан аса жәдігер жиналыпты. Негізгі қорының өзі мыңға жуықтайды. Әр жәдігерінің өзі бір тарих. Ақынның өмірінен сыр шертетін мұралардың сырына бізде үңілген едік.
Алтын қалам. Кезінде бұл қаламды Мұқағали ақынға Ғабит Мүсірепов сыйлапты. Күнделік жазуды жанына серік еткен ақын 1973 жылдың 17 наурызындағы жазбасында: «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде - Авт.) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы ба екендігіне күмәнім жоқ. Уақыт –ай!.. Әдебиет жалпы искуство жөнінде болар – болмас шолу жасап, пікірлестім. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.
«Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).
Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз отырғаны қатты әсер етті маған... кабинеті жұпыны, жазу столы тітпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш – жәлеміштер жоқ. Ұзынды – қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арабша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіре берісте саятшының сауыт – саймандары.... Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім – ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой» деп естелік қалдырыпты. Музейде тұрған «Алтын қаламға» тіл бітсе, осыны айтар еді. Бұл жәдігерлерді бүгінде ақынның күнделіктері сөйлетіп тұр. 
Ақынның жазу машинкасы. Мұқағали ақынның өзі шашын бір сілкіп тастап, ой теңізіне сүңгіген қалпында ақ қағазға өлең өрнектеген шабытты кездерін еріксіз елестетеді. 
Музей басшысы Ғалия Мүшірбекқызы: «Мұқаңның саусақтары осы машинканың түймелерінде тынымсыз ойнағаны анық қой. Таңды таңға ұрған жан кешті еңбектің куәсі осынау көне жәдігер. Ол сондықтан да қымбатты, сондықтан да қасиетті. Мұқағали ағамыз өлеңдерін ең алдымен қаламмен жазғаны белгілі. Қолтаңбасы да мөрдей. Алайда, баспаларға ұсынар кезде осы машинкамен жұмыс істегені және рас. Қалай десек те осы бір жазу машинкасы Мақатаевтар отбасының ең құнды мүлігі» дейді. 
Қоңыр портфель. Қоңырқай тіршілік кешкен Мұқағали ақынның қоңыр портфелінен бірнеше бума қағазға жазылған жырлары төгілетіндей әсер береді. Кезінде соншалық мән беріп қарамайтын заттар қазір оны қайта көрген кезде адамға ерекше әсер туғызады. Ақын даңқы асқақтаған сайын, ұлы қаламгердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбаттап, қасиеттеніп кететіне таң қаласың.
«Музей төрінде тұрған сары портфель келушілер көзіне оттай басылады. Жастардың оған жақындап барып тебірене көз салғанын талай рет байқадық. Бәрі – осы портфелді көтеріп жүріп баспаға, газет-журналдар редакцияларына, жазушылар одағына келе жатқан мұзбалақ ақын кейпін көздеріне елестетеді. Бұл портфель жаңа жазылған шығармаларды әрі-бері тасуға қызмет етті. Мұқағали алақанының табы бар жәдігер сондықтан да қастерлі» дейді музей басшысы. 
Ақынға шахмат та шабыт берген. Мұқағалидың өміріне, іс-әрекетіне үңіліп қараған жан ақынның мәдениетке дең қойғанын аңғарады. Орыс тілін былай қойып, неміс тілін үйренуі, еуропалық классик композиторларының шығармаларын тыңдауы, әлем әдебиетіне қанығуы – осы сөздің дәлелдері. Сонымен қатар, шахмат ойнағанды да өте жақсы көріпті. Шахматтың да ақынға шабыт бергені анық қой. 
«Мен өскен лашық бір бөлме» өлеңі негізінде жасалған диорамма. Ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 желтоқсанда майданға аттанады. Арада үй өткенде хабар-ошар біржола тоқтайды. Бала Мұқағали өзі де қиын кезеңдегі жетімдікті бастан кешіреді. Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның тәрбиесінде жетіліп жатқан оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген балалық сағынышы себеп болады. Қазір ескі Қарасазда орны ғана қалған, музейде диораммасы тұрған шағын лашық үйде Мұқағалидың балалық шағы өтеді.
Әкесі Сүлеймен өз қолымен салған сол там туралы:
Мен өскен лашық – бір бөлме,
Бір бөлме – маған мың бөлме.
Хан тағы қараң қалатын,
Босағаңды аттап кіргенде, – 
деп, туған үйдің құдіретін жырға қосқан да болатын. Алғашқы өлеңдерінің куәсі де сол бір өзен жиегіндегі «көзінің қарасындай қымбат» қоржын там да қазақ поэзиясының тарихына еніп кеткенін сезер ме екен ақын жүрегі.
Осындай жәдігерлер орналасқан Мұқағали музейі – ең алдымен өнер үйі. Мұқағалидың әлемдік деңгейдегі ұлы талантын уағыздайтын киелі орталық. Мұқағали зердесін паналаған рухани игіліктерді жеткізу мүмкін емес. Мұқағали жасап кеткен дүние – енді ұлттық мұра, мәдени кеніш. Оны игеру болашақтың абыройлы міндеті. Өткен тарихын жадына мықты сақтаған ұрпақ қана тәуелсіздігімізді баянды ете алады.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Бөлісу: