8 Тамыз 2013, 05:30
Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, оларды келешекке сақтап жеткізетін мәдениет ошағы – музей. Жақында Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық музейінің директоры Зинаида Чумакованың басшылығымен Ұлытау – Жаңаарқа өңірінің тарихына арналған «Жанданған тарих іздері» дерекнамалық кітабы жарық көрді.
Кітапта Ұлытау – Жезқазған- Жаңаарқа өңірін зерттеген алғашқы экспедициялар, жетекшілік еткен ғалымдар туралы ауқымды мәліметтер берілген. Құрылғанына 35 жыл болған Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ашылған күннен бастап қол жеткізген ғылыми табыстары, басшылары жайындағы деректерді осы кітаптап табасыз.
Аталған еңбектің әдістемелік мазмұны да зор. Тарих, география, деректанушылық бағыттағы ғылыми ізденушілер таптырмас еңбек болып табылады.
Кітап тарихи-әдеби очерктерге де толы. Ғалымдардың өмірі мен еңбектері туралы қызықты әңгімелер де осы кітапқа топтастырылған. Әсіресе, жәдігерлер туралы әңгімелер оқырмандарға өте қызықты әрі әсерлі етіп жазылған.
Кітаптың шығарушылар Алқасына жетекшілік еткен ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Зинаида Чумакованың бұл кітапты шығару ісіндегі сіңірген еңбегі зор. Ол бұл кітапты қазақ мәдениетіне қосқан сүбелі ісіміз деп санайды.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС