7 Тамыз 2013, 08:39
Пәтерін жалға беретін астаналықтар бұдан былай заң аясында жазаланатын болды. Ал егер үй-жайдан заңсыз пайда табумен қатар, жеңіл жүрісті қыздардың ордасына айналдыру арқылы табысын еселегені анықталса, үй-жай иесі айып үстіне айып төлеуге міндеттеледі. Мұндай жаза тағайындау мүмкіндігі таяуда ғана толықтырылып, қолданысқа енгізілген Әкімшілік құқық қорғау туралы кодексте анық көрсетілген. Бұл жөнінде Астана ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің мамандары хабарлайды.
Аталған мекеменің қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесе отырып, он күн бойы үздіксіз жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастыруы нәтижесінде, осы мәселеге қатысты 12 деректі тіркеген. Олардың өз пәтерлерін жалға беру арқылы тұрғын жайды жезөкшелер ордасына айналдырғандығы анықталды. Бүгінде іс құжаттары рәсімделіп, сотқа жіберілген.
Тіпті, тіркелген оқиғалар арасында өз пәтерін осы мақсатта пайда табу үшін ұзақ мерзімге жалға берген мүлік иелері де белгілі болып отыр. Сол себептен де анықталған тұрғын үй иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, заң аясында 300 АЕК (411,300 теңге) көлемінде айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, қолға түскен күдіктілер арасында кәсіпкерлік қызмет көрсету мерзімін сот шешімімен 6 айға тоқтатылғандары да бар.
Baq.kz