Шопеннің жүрегі

3 Тамыз 2013, 22:18

Француздың ұлы сазгері Шопен “Өлгенімде жүрегімді Варшаваға жерлеңдер”, депті. Ұлы талантқа бас иіп, тағзым еткен халықтың бұл өтінішті адал орындағаны анық. Қазіргі Варшавадағы халықаралық әуежай Шопен атымен аталады. Шопен мұражайы, Шопен атындағы демалыс алаңы да осы қаланың көрікті жерінде орналасқан. Бұл алаңда шахмат тәрізденіп өрілген әсем гүлзарлар бар. Ал, Шопеннің асыл жүрегі осындағы Костёлде (католиктер шіркеуінде) жерленген. Демалыс алаңындағы Шопен ескерткішінің жанына барған халық оның өлмес шығармаларының сазын тыңдап, рухани ләззат алады. Шопен шығармаларын орындаушылар үшін бұл жерде конкурстар өткізіліп тұрады екен.   “Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен жүрек бәріне бірдей берілмеген.”  Бауыржан Момышұлы   Сырлы саздардың құшағында жүрген Шопен алғаш рет ғашық болып қалды. Сазгерді тартымдылығымен өзіне баураған бұл арудың есімі – Констанция болатын. Алып–ұшқан Шопеннің сезімінің тереңдігі соншалық, Констанциясыз болашағын көз алдына елестете алмады. Екі жастың үйленуі үшін мол қаражат керек еді. Шопен қаржы табу мақсатымен Венадан Парижге аттанды. Парижде ауқатты бір отбасының балаларына музыкадан дәріс берген ол, алыстан махаббатын үнемі сағынышпен еске алып, хат жазумен болды. “Сүйіктім, өзің сыйлаған жүзігің қолымда. Дәл қазір жүзігімді сүйіп, өзіңе хат жазудамын. Білесің бе, менің жүрегім сенің таза от–жалыныңнан қуат алады. Біз жастық шағымыздың ең бақытты кезеңінде тұрамыз. Үлбіреген нәзік гүлдерде – сенің исің, сылдырап аққан бұлақта – сенің күлкің. Менің жан дүниемді сенің бар болмысың билеп алған. Өзіңе деген ғашықтық сезімім шексіз. Жүрегімдегі осы жалынды сен сөндірмейді ғой” деп сенемін. Амал не, ыстық сезімге толы хаттар желге ұшты. Шопенді ұзақ күтуге шыдамаған Констанция зергерлік бұйымдар дүкеннің иесіне тұрмысқа шығып кетті. Мұны естіген Шопен сүйіктісінің антын бұзғанына ыза болды. “Шіркін, көп ақшам болғанында ғой, Констанция мендік болар еді” деп қайғырды. Сәтсіз махаббатының азабы мен күйігінен көпке дейін арыла алмады. Раушан гүлдері үзіліп, қолында тікені қалды. Жалғыздық пен мұңның құрығынан құтылу оңай болмады. Кенет... Бір күні Марианна есімді бойжеткенді кезіктірді. Сезімін Констанциямен бірге өлді деп ойлаған ол музыкамен шындап айналысып, сазгер ретінде атақ–даңқы шарықтай түскен кезі еді бұл. Шопен өміріне жарық сәуле кірді. Марианна оның шабытын оятушы күш, арманына асықтырушы көктегі жұлдыздай әсер етті. Махаббат отының ұшқыны өртеген кезде оның жүрегіне бүкіл әлем сыйып кеткендей еді. Әйгілі шығармалары мен демеушілерінің арқасында дәулеті де толыға түсті. Марианна мен Шопенге тек некеге тұрып, отау құру ғана қалды.Жолсапарлар оның бетін Дрезденге бұрды. Сондағы бір ауқатты отбасының балаларына музыкадан дәріс беруге бірнеше айға шақырту алды. Еңбекақысы – қомақты ақша болғандықтан Шопен қуана келісті. Үйлену тойы кейінге шегерілді. Парижге қайта оралғанда Шопен сұмдық хабар естіді. Оның жүрегі тоқтап қалғандай болды. Қалыңдығы Графпен тұрмыс құрып кеткен еді.Сазгер мен Граф. Өнер мен Ақша. Махаббат пен Сатқындық. Сезімтал сазгердің махаббаттағы екінші сәтсіздігі ол үшін өліммен тең болды. Өмірде махаббаттан гөрі ақшаның биік тұратынына қынжылды. Марианнаның опасыздығы жүрегін жаралағанымен қоймай, оның ойлау қабілетін де есеңгіретіп кетті. Ол уайым тұңғиығында батып бара жатты. Ешқашан да махаббатқа үміт артпау керек. Үміт дегенді жою керек. Осы көрген азабымның бәрі – үміттің арқасында болды деп түйінді ол. Ауа–райы бұзылып, жауын жауып тұрған болатын. Шопен күңгірт бөлмеде теңселіп жүріп, бойын жаулаған мұңды қуу үшін бір жаққа барғысы келді. Қайда еді? Графиня Бенетта үйіндегі жиынға шақырылған есіне түсті. Ойланбастан тез киінді де, сол жерге аттанды. Графиняның меймандар үйінде көңілді қауымды жолықтырды. Шопен күйсандыққа жақын келді де, жанын билеген бір әуенді ойнай бастады. Ол өзінің әуенді ертегісін аяқтап, көздерін жоғары көтергенде, о, ғажап! Оның алдында үстінде әсем зермен өрнектелген, ұзын етегі жерге сүйретілген қызыл көйлек киген бейтаныс бойжеткен тұрды. Мойына бір қатар інжу моншақтарын тағып алған. Қыпша белі қынай буылған. Үлкен қара көздеріне толқынды қара шаштары жараса қалған. Сырт сымбатына қарағанда ол бағалауға тұрарлық еді. Бикеш күлімсіреп:– Неге тоқталып қалдыңыз, көңілді әуен ойнаңызшы, көңілдірек, – деді ішкі жанының жалынын жасыра алмаған ынтазар көңілмен. Шопеннің сұлу жүзінде қызғылт арай жүгіріп өтті. Сүйріктей аппақ саусақтары күйсандық бетінде жорғалай жөнелді. Ойнақы, көңілді әуен бөлме ішін нұрландырып жібергендей. Сол кеште Шопен ерекше көңілді болды. Ұшқыр ойымен, ақылды сөздерімен, назды қылығымен, сүйкімді келбетімен Шопеннің жанын тез баурап алған бұл сұлу – Жоржзонда болатын. Бірнеше күннен кейін екеуі алма бағында оңаша кездесті. Қыз қолын жігітке ұсынды. Жігіт қыздың қолын қысты. Сосын бір–біріне күлімсірей қарады. Ыстық құшақтар айқаса кетті. Мұны соңы екеуінің қосылуына әкеліп соқты. Олар он жылдай бір–біріне серік болды. Бұл ару Шопеннің шығармашылығына оң әсерін тигізді. Үміті жанып, сенімі артты. Жігеріне жігер, шабытына шабыт қосылды. Шығармашылығы шарықтау шыңына жетті. Шопенге шабытты шақ сыйлаған бұл әйел сұлу және сүйкімді ғана емес, ақылды болған сияқты деп ойлауға тура келер. Бәрі аяқ астынан болды. Шопен ауырып қалды. Оның бойынан безгек ауруының алғашқы белгілері біліне бастаған кезде, Жоржзонда тіпті өзгеріп кетті. Осы сәтте оның бойындағы бір мінезі ашылды. Ол Шопеннен айни бастады. Шопен үмітіне тағы сенді. Үміті алданды. Тағы да қара түнек орнады. Тағы да тағдырдың жазуымен Шопен жалғыз қалды. Бұдан кейін ол салқынқандыққа бой ұрып, қалың ойларға шомумен болды. Бір күні оның есігінен жүрегін қолына ұстаған, Шопеннің талантына табынушы Марселина атты үкідей ару келіп кірді. Шопеннің адал, қамқор күтушісі бола алған бұл бикештің қарабайырлығы соншалықты, Шопеннің шығармаларын түсінбек түгілі, оның жүрегінде сұрапыл дауылды сезбеді. Көзінен сырын оқи алмады. Күлкісін түсінбеді. Шопен оны “менің ызыңдаған қара шыбыным” деп атады. “Ызыңдаған қара шыбын” оның тереңде көмулі жатқан жанын оята алмады. Шопен өмірін шығармашылығына арнады. Жаңа шығармалары жиі орындалып, атағы аспандай түсті. Бір жиындағы кешкі асқа Шопен де арнайы шақырылды. Шопен мұнда жиналған қауымның ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді. Кенет көзі таныс жанарды шалып қалды. Иә, бұл – Жоржзонда болатын. Әлде өкініш, әлде таңданыс, әлде махаббат па, кім білсің, ол Шопенге қарай жүгірді. Шопеннің сұлу жүзі боп–боз болып кетті. Аласұрған жүрегі мен жанарына келіп қалған жалғыз тамшы жасты жасыру үшін теріс айналып бұрылды да, үйден шығып жүре берген. Көңілсіз Шопен күзгі кештің салқындығын да сезбеді. Сарғайған жапырақтар жерде шашылып жатыр. Табандармен тапталған тілім–тілім жапырақтар Шопеннің жүрегіне ұқсап кетті. Жапырақтарға жабырқай көз тастаған ол, енді өзінің төртінші мәрте ғашық бола алмайтынын шын ұқты. Жанын бір мұңды саз биледі. Тезірек күйсандығына жеткенше асықты...   Маржан Ершу

Француздың ұлы сазгері Шопен “Өлгенімде жүрегімді Варшаваға жерлеңдер”, депті. Ұлы талантқа бас иіп, тағзым еткен халықтың бұл өтінішті адал орындағаны анық. Қазіргі Варшавадағы халықаралық әуежай Шопен атымен аталады. Шопен мұражайы, Шопен атындағы демалыс алаңы да осы қаланың көрікті жерінде орналасқан. Бұл алаңда шахмат тәрізденіп өрілген әсем гүлзарлар бар. Ал, Шопеннің асыл жүрегі осындағы Костёлде (католиктер шіркеуінде) жерленген. Демалыс алаңындағы Шопен ескерткішінің жанына барған халық оның өлмес шығармаларының сазын тыңдап, рухани ләззат алады. Шопен шығармаларын орындаушылар үшін бұл жерде конкурстар өткізіліп тұрады екен.

 

“Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен жүрек бәріне бірдей берілмеген.” 
Бауыржан Момышұлы

 

Сырлы саздардың құшағында жүрген Шопен алғаш рет ғашық болып қалды. Сазгерді тартымдылығымен өзіне баураған бұл арудың есімі – Констанция болатын. Алып–ұшқан Шопеннің сезімінің тереңдігі соншалық, Констанциясыз болашағын көз алдына елестете алмады. Екі жастың үйленуі үшін мол қаражат керек еді. Шопен қаржы табу мақсатымен Венадан Парижге аттанды. Парижде ауқатты бір отбасының балаларына музыкадан дәріс берген ол, алыстан махаббатын үнемі сағынышпен еске алып, хат жазумен болды. “Сүйіктім, өзің сыйлаған жүзігің қолымда. Дәл қазір жүзігімді сүйіп, өзіңе хат жазудамын. Білесің бе, менің жүрегім сенің таза от–жалыныңнан қуат алады. Біз жастық шағымыздың ең бақытты кезеңінде тұрамыз. Үлбіреген нәзік гүлдерде – сенің исің, сылдырап аққан бұлақта – сенің күлкің. Менің жан дүниемді сенің бар болмысың билеп алған. Өзіңе деген ғашықтық сезімім шексіз. Жүрегімдегі осы жалынды сен сөндірмейді ғой” деп сенемін. Амал не, ыстық сезімге толы хаттар желге ұшты. Шопенді ұзақ күтуге шыдамаған Констанция зергерлік бұйымдар дүкеннің иесіне тұрмысқа шығып кетті. Мұны естіген Шопен сүйіктісінің антын бұзғанына ыза болды. “Шіркін, көп ақшам болғанында ғой, Констанция мендік болар еді” деп қайғырды. Сәтсіз махаббатының азабы мен күйігінен көпке дейін арыла алмады. Раушан гүлдері үзіліп, қолында тікені қалды. Жалғыздық пен мұңның құрығынан құтылу оңай болмады. Кенет... Бір күні Марианна есімді бойжеткенді кезіктірді. Сезімін Констанциямен бірге өлді деп ойлаған ол музыкамен шындап айналысып, сазгер ретінде атақ–даңқы шарықтай түскен кезі еді бұл. Шопен өміріне жарық сәуле кірді. Марианна оның шабытын оятушы күш, арманына асықтырушы көктегі жұлдыздай әсер етті. Махаббат отының ұшқыны өртеген кезде оның жүрегіне бүкіл әлем сыйып кеткендей еді. Әйгілі шығармалары мен демеушілерінің арқасында дәулеті де толыға түсті. Марианна мен Шопенге тек некеге тұрып, отау құру ғана қалды.Жолсапарлар оның бетін Дрезденге бұрды. Сондағы бір ауқатты отбасының балаларына музыкадан дәріс беруге бірнеше айға шақырту алды. Еңбекақысы – қомақты ақша болғандықтан Шопен қуана келісті. Үйлену тойы кейінге шегерілді. Парижге қайта оралғанда Шопен сұмдық хабар естіді. Оның жүрегі тоқтап қалғандай болды. Қалыңдығы Графпен тұрмыс құрып кеткен еді.Сазгер мен Граф. Өнер мен Ақша. Махаббат пен Сатқындық. Сезімтал сазгердің махаббаттағы екінші сәтсіздігі ол үшін өліммен тең болды. Өмірде махаббаттан гөрі ақшаның биік тұратынына қынжылды. Марианнаның опасыздығы жүрегін жаралағанымен қоймай, оның ойлау қабілетін де есеңгіретіп кетті. Ол уайым тұңғиығында батып бара жатты. Ешқашан да махаббатқа үміт артпау керек. Үміт дегенді жою керек. Осы көрген азабымның бәрі – үміттің арқасында болды деп түйінді ол.
Ауа–райы бұзылып, жауын жауып тұрған болатын. Шопен күңгірт бөлмеде теңселіп жүріп, бойын жаулаған мұңды қуу үшін бір жаққа барғысы келді. Қайда еді? Графиня Бенетта үйіндегі жиынға шақырылған есіне түсті. Ойланбастан тез киінді де, сол жерге аттанды. Графиняның меймандар үйінде көңілді қауымды жолықтырды. Шопен күйсандыққа жақын келді де, жанын билеген бір әуенді ойнай бастады. Ол өзінің әуенді ертегісін аяқтап, көздерін жоғары көтергенде, о, ғажап! Оның алдында үстінде әсем зермен өрнектелген, ұзын етегі жерге сүйретілген қызыл көйлек киген бейтаныс бойжеткен тұрды. Мойына бір қатар інжу моншақтарын тағып алған. Қыпша белі қынай буылған. Үлкен қара көздеріне толқынды қара шаштары жараса қалған. Сырт сымбатына қарағанда ол бағалауға тұрарлық еді.
Бикеш күлімсіреп:– Неге тоқталып қалдыңыз, көңілді әуен ойнаңызшы, көңілдірек, – деді ішкі жанының жалынын жасыра алмаған ынтазар көңілмен. Шопеннің сұлу жүзінде қызғылт арай жүгіріп өтті. Сүйріктей аппақ саусақтары күйсандық бетінде жорғалай жөнелді. Ойнақы, көңілді әуен бөлме ішін нұрландырып жібергендей. Сол кеште Шопен ерекше көңілді болды. Ұшқыр ойымен, ақылды сөздерімен, назды қылығымен, сүйкімді келбетімен Шопеннің жанын тез баурап алған бұл сұлу – Жоржзонда болатын. Бірнеше күннен кейін екеуі алма бағында оңаша кездесті. Қыз қолын жігітке ұсынды. Жігіт қыздың қолын қысты. Сосын бір–біріне күлімсірей қарады. Ыстық құшақтар айқаса кетті. Мұны соңы екеуінің қосылуына әкеліп соқты. Олар он жылдай бір–біріне серік болды. Бұл ару Шопеннің шығармашылығына оң әсерін тигізді. Үміті жанып, сенімі артты. Жігеріне жігер, шабытына шабыт қосылды. Шығармашылығы шарықтау шыңына жетті. Шопенге шабытты шақ сыйлаған бұл әйел сұлу және сүйкімді ғана емес, ақылды болған сияқты деп ойлауға тура келер. Бәрі аяқ астынан болды. Шопен ауырып қалды. Оның бойынан безгек ауруының алғашқы белгілері біліне бастаған кезде, Жоржзонда тіпті өзгеріп кетті. Осы сәтте оның бойындағы бір мінезі ашылды. Ол Шопеннен айни бастады. Шопен үмітіне тағы сенді. Үміті алданды. Тағы да қара түнек орнады. Тағы да тағдырдың жазуымен Шопен жалғыз қалды. Бұдан кейін ол салқынқандыққа бой ұрып, қалың ойларға шомумен болды. Бір күні оның есігінен жүрегін қолына ұстаған, Шопеннің талантына табынушы Марселина атты үкідей ару келіп кірді. Шопеннің адал, қамқор күтушісі бола алған бұл бикештің қарабайырлығы соншалықты, Шопеннің шығармаларын түсінбек түгілі, оның жүрегінде сұрапыл дауылды сезбеді. Көзінен сырын оқи алмады. Күлкісін түсінбеді. Шопен оны “менің ызыңдаған қара шыбыным” деп атады. “Ызыңдаған қара шыбын” оның тереңде көмулі жатқан жанын оята алмады. Шопен өмірін шығармашылығына арнады. Жаңа шығармалары жиі орындалып, атағы аспандай түсті. Бір жиындағы кешкі асқа Шопен де арнайы шақырылды. Шопен мұнда жиналған қауымның ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді. Кенет көзі таныс жанарды шалып қалды. Иә, бұл – Жоржзонда болатын. Әлде өкініш, әлде таңданыс, әлде махаббат па, кім білсің, ол Шопенге қарай жүгірді. Шопеннің сұлу жүзі боп–боз болып кетті. Аласұрған жүрегі мен жанарына келіп қалған жалғыз тамшы жасты жасыру үшін теріс айналып бұрылды да, үйден шығып жүре берген. Көңілсіз Шопен күзгі кештің салқындығын да сезбеді. Сарғайған жапырақтар жерде шашылып жатыр. Табандармен тапталған тілім–тілім жапырақтар Шопеннің жүрегіне ұқсап кетті. Жапырақтарға жабырқай көз тастаған ол, енді өзінің төртінші мәрте ғашық бола алмайтынын шын ұқты. Жанын бір мұңды саз биледі. Тезірек күйсандығына жеткенше асықты...

 

Маржан Ершу

Бөлісу: