30 Шілде 2013, 03:33
Өткен маусым айында тарихшылардың алдына қадау-қадау мәселелер қойған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «классика дәуіріндегі еуропалық авторлардың ғана туындыларын оқып, соларға сүйену жеткіліксіз» екендігін айтқан еді. Бұл орайда, ілгеріректе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» дегенін де білеміз. Осыны тілге тиек еткен Марат Тәжин «мәселенің бұлай қойылуы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады», – деді.
Кез келген мемлекет сыртқы күштерге жем болмас үшін іштен іріткі салушы сепаратистер мен экстремистерге жол бермес үшін этносына, нәсіліне қарамастан, ең жоғарғы ұлттық бірегейлікке бейімделуі қажет. Сондықтан бірегейлік – ең өзекті мәселе. Уақыттың өзі дәлелдеп келе жатқандай, жаһандық немесе мультимәдениет, космополиттік құндылықтар белгілі бір идеологияға тірек бола алмайды. Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігі мемлекетқұраушы ұлттың тілі мен тарихы арқылы ғана жүргізіледі. Мұндағы өзге ұлт өкілдерінің қазіргі буыны жер аударылып келмеген. Олар осы қасиетті қазақ жерінің тумасы болғандықтан, туған жерінің тарихына жаңаша көзқараста жазылған нұсқасында сусындауы қажет.
Ұлттық бірегейлік жолында жаңаша көзқарас қалыптастыру үшін мынандай жүйесіздіктермен күресу қажет сияқты.
1. Тарихшыларымыз түпкілікті бір шешімге келе алмай жүрген «ашаршылықта қанша қазақ қырылған?» деген сауал... Осы сұрақты мамандардың ортасына тастасаңыз, қанша тарихшы болса, бір-біріне ұқсамайтын сандардан тұратын сонша жауап аласыз. Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы 1931-1932 жылдардағы ашаршылықтан 8 миллион қазақтың 2 миллионнан асар-аспасы ғана қалғанын дәлелдейді. Ал тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков ашаршылық кезінде 2 млн 500 мыңнан астам адам мерт болған дейді. Тарихшы бір сөзінде «Ресейлік ғалымдар болса оның жартысын табиғи өліммен байланыстырып отыр. Енді қараңыз, 1933 жылдары 3 млн 735 мың 100 адам тірі қалса, қалған 50 пайызы – 1 млн 8 мың адам. Демек, 700 мыңнан астам адамның өлу фактісі жасырын қалған», – дейді. Біздің тарихшыларымыз әртүрлі пікір айтып отырғанда, оның өтеуін кімнен қай дерегімізбен сұраймыз? Біздіңше, мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін ашаршылықты зерттейтін қауымға ақпараттық кеңінен қолдау қажет. Мысалы, аштық туралы шынайы деректерге, фотосуреттерге бізде тарихшы ғалымдар қол жеткізе алмай жүрсе, бізге үлгі боларлық Украинада әрбір ынталы азамат біледі.
2. Бір ғана оқиғаға қатысты түрлі тарихи даталар жайында жиі айтылып жүр. Тарихшы, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин «әдетте, біздің елде әйгілі, ұлт тарихына еңбегі сіңген тұлғалардың ғана мерейтойлары аталады. Кейде оның өздері де лайықты деңгейде емес. Алаштың 90 жылдығы, одан кейінгі 95 жылдығы негізінен қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен болмаса, жай бір күнтізбедегі дата болып қала берер ме еді, кім біледі?» деген еді. Оның айтуынша, 2000 жылы Тарих және этнология и нституты дайындаған «Қазақстан тарихы» 3 томдығында Бұланты-Білеуті шайқасы 1728 жылы болды деп келтірілген. Олай болса, биыл бұл шайқасқа – 285 жыл. Басқа деректерде бұл шайқас 1727 жылы өтті дейді. Тіпті 1727 жылы болса да үлкен датаны назарсыз қалдырғанымыз. Ал Бұлантыдағы шайқас қазақ-жоңғар соғысындағы шешуші шайқас болды. Сарапшының пікірімен келіспеске лаж жоқ. Қазіргі талапкерлер, студенттер оқулықпен ғана шектелмейді. Ал сол ғаламторда бірнеше даталар кездеседі. Бірізділіктің жоқтығынан өзге түгіл, өзіміз тарихи даталарымызды білмей жүрміз...
3. «Қазақтың жүздері қайдан шыққан?» деген сұрақ қазақтарды да, өзге ұлт өкілдерін де толғандырады. Ал оған нақты жауап, тарихи бір тоқтам жоқ. Шоқан Уәлихановтың пікірі бойынша, Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған». Ал Аристовтың ойынша, жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан.
Тарихшы Василий Бартольд: «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды», — деп есептейді. Михаил Вяткин атты ғалым В.Бартольдпен келісе отырып: «Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты», — дейді. Түрколог Сәрсен Аманжолов: «Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде — X—XII ғасырларда бөлінді», — деп есептесе, шығыстанушы, тарих ғылымының докторы Тұрсын Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: «XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан», — деп болжайды. Талас Омарбеков «қазақтың үш жүзге бөлінуі – ежелден қалыптаса бастаған мәселе. Шыңғыс ханның жаулауы кезінде де әртүрлі ордаларға бөлінгеніміз белгілі. Сол ордаларда қазақтың ру-тайпалары қауымдасуға мәжбүр болды. Батыста, мысалы, «ноғай ұлысы» деген болды, бәріміз білеміз. Бұл ұлысқа, негізінен, кіші жүзді құраған рулар көптеп кірді. Ал бірақ қазақ жүзінің қалыптасып бітуі, менің көзқарасымда, бұл – Есім ханның кезі, яғни ХVІІ ғасырдың басында. Неге олай дейміз? Өйткені ХVІ ғасырдың орталарына дейін қазақ жүздері туралы еш жерде мәлімет жоқ, деректерде «қазақ ордалары» деп айтылады» дейді. Байқасақ, қазақ жүздеріне қанша адам зерттеу жүргізсе, сонша пікір бар, тарихи пайым бар.
Бір мысал
Жуырда «Эстония тарихының» екінші томы жарыққа шықты. Публицист Эркки Баховски оны «тарихи көзқарасқа революциялық өзгеріс жасады» деп бағалады. Жаңа тарихтың баяндауы бойынша Эстония ешқашан еркіндігін жоғалтпаған. Тек қана кейбір кезеңдерде құқықтық тәртіп қана өзгеріп отырған. Бұрындары сол кезеңін олар «Неміс кресшілері жаулап алып, Ливонияны құрамына қосып алған» деп оқып келген болатын. «Скандинавиялық деректерде викингтердің І мыңжылдықтың соңы – ІІ мыңжылдықтың бас кезінде Эстонияның жағалауларына, ал ХІ ғасырдан бастап эсттердің Дания мен Швецияға жорық жасағанын, ХІІІ ғасырдан бастап неміс, кейіннен дат басқыншыларының нысанына айналды» деп келген эстондар енді жаңа тарихы бойынша ешқашан еркіндігін жоғалтпаған, өте ертеде қалыптасқан ұлт екенін көрсетіп отыр. Финн тайпалары эсттер мен ливтердің, жергілікті рулар одағының барлығын Эстон ұлтының бірегейлігі жолында пайдаланды.
Түйін
Біздіңше, көпішіліктің көкейінде жүрген осындай мәселелерді біріздендіру қажет. Көкейдегі барлық сауалға, әсіресе үш жүздің қайдан шыққанына берілетін жауап ұлтты біріктіруге қауқарлы, ұлтты ұйыстыруға себеп болуы шарт. Міне, сонда ғана тарихтағы жүйесіздікті біртіндеп ретке келтіре аламыз деп есептейміз.
Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ