26 Шілде 2013, 08:52
Бүгін Қазақ мемлекеттік циркінің күні. Цирктің ең алғашқы ұжымы 1970 жылы құрылып, алғашқы қойылым шілде айының 26-да өткен болатын. Содан бері, бұл күн - Қазақ циркінің туған күні саналып келеді.
Қазақ циркі ҚазКСР-інің халық артисі Г.Ғалиеваның жетекшілігімен 1970 жылы ұйымдастырылды. 1972 жылы Қазақ циркінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді, бұл Қазақ циркі өнерінің өркендеуіне игі ықпал етті. Қазақ циркі 1972 – 78 жылдары ұлттық бояуы қанық үш бағдарлама дайындады. Атап айтқанда “Жылқышылар”, “Қыз қуу”, “Ат ойыны”, “Жер жәннаты”, “Байқоңыр”, “Атамекен”, “Космос симфониясы” атты қойылымдар болатын. Қазақ циркі репертуарынан, сонымен қатар, “Түйелер мен аюлар” аттракционы, “Шығыс ойыны” (реж. А.Ысмағұлов), “Акробатикалық аңыз” (реж. Н.К. Винник) нөмірлері, “Тың”, “Медеу”, т.б. новеллалар орын алды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ циркі “Сиқырлы киіз үй”, “Азия жұлдыздары”, “Аяз Атаның компьютерлік ойындары”, “Цирк қойыртпағы”, “Жаңа жылдық думан” және “Үш жуан” атты бағдарламаларын қойды. Цирк ұжымы1978 және 1982 жылдары Бүкілодақтық цирк өнерінің байқауында жеңімпаз атанды, оның сайқымазақтары Мұрат және Елизавета Жұмағалиевтер 1983 жылы Прага қаласында өткен халықаралық байқаудың Эдуарде Бассе атындындағы бас жүлдесін жеңіп алды. Кеңес Одағының көптеген қалаларында, шет елдерде (Кубада 1977, Чехияда 1983, Болгарияда және Югославияда, 1986) болды. Қ.Шалабаев бастаған қазақ шабандоз жігіттері АҚШ цирктерінде, Серік Әбішев бастаған танымал топ Австралия циркінде табысты өнер көрсетті. 2000 жылы цирк аумағында “Арлекино” балалар ойын-сауық кешені ашылды. 2001 жылы осында атқа салт мініп жүру (жетекшісі К.Күнғожинов) мектебі құрылды. Қазақ циркінің жанында А.Р. Измаилова жетекшілік ететін “Ерке” ұлттық би ансамблі жұмыс істейді. Олар бірінші халықаралық “Айналайын” жас дарындар фестивалінің жеңімпазы (1996 жылы), Халықаралық “Nets Carnaval club” фестивалінің дипломанты (Франция, 1999), Халықаралық “Азия дауысы” байқауының жүлдегері атағына ие болды. 1999 жылы цирк өнерінің тәжірибе мектебі ұйымдастырылды (жетекшісі М.В. Хуватов). Осы жылы көптеген байқаулардың жеңімпазы болған Фарандоль” цирк балеті (жетекшісі М.Редько), үш ұжымды: “Бэби-Дэнс” тобын (“Азия дауысы” байқауының үздігі), “Дэнс-класс” және “Просто Так” шоу-балеттерін біріктірген би мектебі (жетекшісі Е.Рудикова), “Әнші балапан” және “Азия дауысы” байқауларында жеңіске жеткен “Мюзик-холл “Улыбка” балалар эстрада театры ашылды (жетекшісі Қ.А. Бөлебеков, 2002 жылдан). 2003 жылдан “Шапито” атты жазғы шатырлы цирк жұмыс жасауда.
Бүгінгі уақытта Қазақстанда 5 цирк ұжымы қызмет етеді. Ұжымдар 439 қойылым қойып, 215 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Астана қаласы мен Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында 1-уден, Алматы қаласында 2 цирк ұжымы бар. Ең қойылымы көп (165) цирк ұжымы Қарағанды қаласында болып отыр.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС