25 Шілде 2013, 03:35
Қаһарман қала Сталинград үшін болған қиян-кескі ұрыста қаза тапқан тағы бір қазақ жауынгерінің жатқан жері анықталды.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ынтымақ бөлімшесінен аттанған Созақбай Торсықбаевтың сүйегі қазіргі Волгоград облысы, Кузьмичи поселкесіндегі бауырластар зиратынан табылды.
Торсықбайдың тоғызы
Әңгімені төтесінен айтқанда, 1942 жылы маусым айында сұрапыл соғысқа аттанып, солы жылы 25 желтоқсанда Сталинград майданында мерт болған қазақ жауынгері менің көкем Байдәулеттің туған інісі еді. Жетпіс жыл не өлі, не тірі екенін белгісіз болып келген. Тіпті біздің бала күнімізде көкеміздің ағасы Мақанша атамыз ашаршылық жылдары бас сауғалап кеткен бауырлары мен өз қолынан майданға аттандырған інісі Созақбайды күндердің күнінде аман-есен елге оралады деп үміт үзбей, өле-өлгенше зарығып күткені ұмытыла қойған жоқ. «Немерелерім өсіп, азамат болған соң, қасыма ертіп жолға шығып, қайтсем де соңымнан ерген қараларымды іздеп табамын» деп армандайтын. Әлсін-әлсін күрсініп, кішкентай балапандарын жұбатқан болып, әлдебір әуенге салып, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарын жоқтайтын. Көзінің жасын көлдететін кездері де аз емес-тін. Көкеміз Байдәулет біз ес білмей тұрып, қайтыс болып кеткендіктен, барлық шежірені осы Мақанша атам таратып айтып отыратын. Ол кісінің сөзіне қарағанда, әкесі Торсықбайдан тоғыз ұл тараған. Екі қызы және бар. Өкінішке қарай, олардың ер жетіп, азамат болған уақыттары ашаршылық зобалаңымен тұспа-тұс келіп, әрқайсысы бет-бетімен босып кеткен. Жағдай түзеліп, елдің беті бері қараған кезде қайтып оралмаған. Байдәулеттен басқасының артында қалған ұрпақтары туралы да ешқандай дерек жоқ. Тек ұзынқұлақтан ортаншы інісі Жандәулетті «біреулер соғыста көріп қалыпты» деген хабар келген. Бар болғаны осы. Созақбай атамыздың да Созақ селосынан әскерге алынғанынан басқа бір де бір мәлімет кездестірмегенбіз. Қашан шақырылғаны, кейін қаралы хат келгені, болмаса із-түзсіз кеткені белгісіз-тін. Сан мәрте «Жди меня», «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына хат жазғанбыз. Ақыры, атамыздың табылатынан үміт үзе бастағанбыз. Алайда екі жарым жыл бұрын әкем Мәулен ауылдағы ағайындардың бірінің үйінен «Мемориал» электронды мұрағатына кіріп, атамыздың аты-жөнін тапты. Өлгеніміз тірілгендей қатты қуандық. Үміт оты қайта жанды. Бұл біздің әулетіміз жетпіс жыл күткен хабар болатын.
«ҚАРА ДАУЫЛ»
Атамыз Созақбай балуандығымен аты шыққан кісі екен. Лақап аты «Қара дауыл» болған көрінеді. Жұрт теңдессіз қара күші мен жауырыны жерге тимеген күрескерлігіне қарап, осылай атап кетіпті. Ол кісінің балуандығына қатысты әңгімені ауыл ақсақалдары мен әкемізден, өз ағаларымыздан жиі еститінбіз. Соның бірі нәубет жылдары көрші қырғыз жерін паналап барып, сол елдің атынан сынға түсуі.
Күзгі жиын-терім кезінің сәтті аяқталуына байланысты қырғыз бен өзбек арасында үлкен той өтеді. Сол қызықты тамашалай барған атамыздың алпамсадай болмысын көрген, қырғыз абызы «Дене тұрқың бөлек екен. Біздің атымыздан күреске түсіп жеңсең, қалағаныңды аласың» дейді. Атамыз келіседі. Жыл сайын жеңіліп қалып жүрген қырғыздарды менсінбеген өзбектер жағы алғашқыда мықты палуанын әкелмейді. Әкелгенін атамыз қоғадай жапырады. Бұған қатты күйінген өзекеңдер ашуға булығып, намыстан қандары қайнап, жедел түрде түйе балуандарын алдыртады. Екеуі шартпа-шұрт ұстаса кетеді. Қырғыздардың атынан сынға түскен қазақ жігіті өзбек балуанын басынан асыра көтеріп, шыр айналдырып, алып ұрады. Орнынан тұра алмай қалған қарсыласының басынан аттап кеткен атамызға айырқалпақты ағайындар үлкен құрмет көрсетіп, қойны-қонышын ақшаға толтырады. Біраз жыл май өндіретін зауытқа жұмысқа орналастырып, жағдайларын жасайды. Сол кезде қасында бірге жүрген, сексенінші жылдардың ортасына дейін өмір сүрген Ерден көкеміздің айтуынша, Созақбай атамызды көргенде қырғыздар «Балуан келе жатыр» деп қақ жарылып, жол беретін көрінеді.
СҮГІРДІҢ ҚОШТАСУЫ
– Созақбай атамыз Қырғыз елінде біраз жыл тұрғаннан кейін, соғыс басталмай тұрып, туған жеріне қайтып оралады. Өзі жақсы көріп, қатты кұрметтейтін ағасы Сүгір күйші мен өзіне арнап үй тұрғызады. «П» әріпі үлгісінде есігі күн шығысқа қаратылып бой көтерген, бір бөлме мен бір дәлізден тұратын жапсырмалы үйдің ортаңғысында Сүгір ата, оң жағында ағайындардың бірі Айтжан, сол жағында Торсықбайұлы Созақбай қоныс тебеді. Күйші Сүгір балуан Созақбайды ерекше жақсы көріп, сыйлайтын көрінеді. Созақбай атамыз үйіне бара қалса, қолына домбырасын алып, інісі ерекше сүйсініп тыңдайтын «Бозінген» күйін тарта жөнеледі екен. Майданға аттанатын күні өз үйінен шығарып салады. Созақбай інісін төрге отырғызып, түні бойы бас көтермей, қабағы салбырап, қатты қиналып, «Кер толғау», «Қосбасардың» зарын төгіп, «Бозінгенін» боздатыпты. Таң атып, жол жүретін уақыт таяғанда орнынан тұрып, бауырына басып, қайтып оралмасын сезгендей, екі иығы селкілдеп жылап, құшағынан босатпайды. Сөйтіп, майданға да, ақтық сапарға да шығарып салады. «Бұл әңгімені Сүгір атаның қызы Ұлбала ападан да, өз әкем Байдәулеттен де талай естігенмін» дейді әкемнің інісі, әулетіміздің бас көтерер тірегі, бұл күнде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Мәди Байдәулетов.
Түйін:
Атамыз сол кеткеннен, ешбір дерек болмай, тек арада жетпіс жылдай уақыт өткенде Сталинград жерінен табылғанын жоғарыда айтып өттік. Жақында Мақанша атамның арманы орындалып, ағам Мәди мен ұлы Сәкен Волгоград облысына барып, бауырластар зиратына тәу етіп қайтты. Бұрынғы Сталинград, қазіргі Волгоград қаласындағы «Сталинград майданы» мемлекеттік тарихи-мемориалды музейінің мамандары атамыздың шаһардан 26 шақырым жердегі «Кузьмичи» поселкесінде жатқанын айтқан. Мұражайдың анықтамалық тізімінде «Торсықбаев Созақбай 1906 жылы туылып, 1942 жылы маусым айында Қазақ ССР-ы, Созақ ауданынан майданға алынған. 343 атқыштар дивизиясы, 1153 атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде жауға қарсы күрескен. Алты айдан соң Сталинград облысы, «Кузьмичи» поселкесі, 137,8 биіктікте қаза тапқан» деп жазылған.
– Отан үшін оққа ұшқан Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін Мамай қорғанында мемориалды кешен салынғанын жұрт жақсы біледі. Кейіннен «Сталинград шайқасы» музей-панорамасы ашылды. Волгоград қаласында болғанымызда осы тарихи кешендерді аралап, «Отан-Ана» ескерткішіне тағзым еттік. «Кузьмичи» поселкесіне барып, бауырластар зиратына құран оқыдық. Өзімізбен бірге ала барған туған жер топырағын салып, бейіт үстіне орнатылған ескерткішке бір түп жусан қойдық. Елді мекенде үлкен мешіт бар екен, сол жерде қаза тапқан қазақ сарбаздарына арнайы дұға жасаттық. «Сталинград майданы» мемлекеттік тарихи-мемориалды музейінің қызметкерлерінің айтуынша, артынан іздеушісі табылып, аты-жөні нақтыланған жауынгерлерді Кузьмичи әкімдігі ресми тіркеуге алады екен. Сондай-ақ , Волгоград қаласындағы 24 сағат бойы әскери тәртіппен күзетілетін Мамай мемориалды кешенінің қабырғасына аты алтын әріптермен ойылып жазылады. Бұйыртса, ерлікпен қаза тапқан тағы бір қазақ солдатының есімі елінің мақтанышына айналмақ, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Мәди Байдәулетов.