24 Шілде 2013, 04:57
– Тап осы даярлығымыздың жоқтығынан тұрмыс деңгейіміздің төмендей түсетінін рыноктық қатынасқа көшуге қарсыластар бетке шіркеу етіп басуда. Бұған не дейсіз? Реттелетін рыноктық экономикаға көшу тәрізді күрделі процесс барысында халықтың тұрмыс деңгейінің қай дәрежеде болатынын алдын ала болжау мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Шындықтың, нақты жағдайдың бетіне тура қарауымыз керек. Республика халқының тұрмыс дәрежесі биыл да, келер жылы да төмен күйінде қалады. Ал 1992 жылдың орта шенінен бастап, нақ осы рыноктық қатынастар есебінен халықтың тұрмыс дәрежесі біртіндеп көтеріле бастауға тиіс. Мұндай болжам айтуға республикамызда тұңғыш рет қолданылған экономикалық-математикалық модельдеу процесі көмектесіп отыр.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Одақ көлемімен салыстырғанда республикамыздағы біршама қалыпты, тұрақты жағдайға шүкіршілік етуге болады деп ойлайсыз ба?
– Бұл арада егер қалыптылық деген ұғымды жұртшылық буырқанған митингілер мен неше түрлі майдандардың әрекеттерімен өлшейтін болса, ондай ағымдар мен бейресми ұйымдардың Қазақстанда да аз емес екенін тілге тиек ете аламын. Мәселен, Аралды құтқару, туған тілді үйрену жөнінде, ядролық қаруды сынауға қарсы «Невада – Семей», тағы басқа қозғалыстар мен қоғамдар жөнінде айтуға болады. Бұл қоғамдар халықтың көкейінде жылдар бойы қордаланып келген арман-тілекті ортаға салады, Үкімет алдында орынды талаптар қояды. Сондықтан біз олардың қызметін қуаттап, қолдап отырамыз. Соның ішінде, мәселен, «Невада – Семей» қозғалысы көтерген өзекті тақырып алғашқы күннен бастап-ақ қолдау тапты. Сондай-ақ біздің кейбір бейресми ұйымдарымыз мәселені ушықтыруға әуес. Белгіленген мақсаттарға жетуімізге ақыл-парасат, тыныштық қана көмектесе алатынын олар көбіне ескермейді.
Жалпы, қоғамның алдында аса жауапты міндеттер тұрған бүгінгі таңда шүкіршілікке салынып, жайбарақаттық танытуға хақымыз бар ма екен. Еліміздегі жағдай шиеленіскен күйде. Ескі экономикалық басқарудан бас тарттық, ал жаңа тұтқалар әлі жоқ. Мұндай жағдайда халықтың әл-ауқатын қалай арттыруға болады, ұлтаралық қатынасты реттеудің жолы қайсы? Менің пайымдауымша, оның жолы біреу-ақ: республика экономикалық дербестік пен өзін-өзі басқаруға көшу керек.
Дербестік жолындағы алғашқы қадамдар жасалып та жатыр. Үстіміздегі жылдың маусым айында Алматыда Орта Азия мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті. Кездесуде бауырлас республикалардың ортақ мүдделерін қорғайтын бірнеше құжаттарға қол қойылды. Мұны осы аймақтың халықтары жақсылық жаршысындай қуана қабылдады. Ол құжаттар осы жылдың бірінші шілдесінен күшіне ене бастады. Сөз орайы келгенде бұл келісімге бұдан бірнеше жыл бұрын ұмтылғанымызды айта кетейін. Ол да болса осы аймақты мекендеген халықтың қамы еді. Ежелден төскейде малымыз, төсекте басымыз түйіскен тамырлас, тағдырлас болсақ та, жеке-жеке отау құрып, әр республика өз бетінше Орталыққа тәуелді болып, Мәскеу арқылы ғана байланыс жасап келген екенбіз. Іргелес отырып ортақ мәселемізді өзара шеше алмадық. Бұдан былай тәуелді халден арылуға тиіспіз. Ең бастысы, еліміз рынок жағдайына көшер тұста аймақтық экономикалық байланыстың пайдасы елеулі болатынына шүбә жоқ. Біздің түпкі мақсатымыз – Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достық жағдайдағы, қалыпты, ынтымақты өмірін қамтамасыз ету. Нақты мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жетті. Басқа республикалармен де, тіпті, шетелдік кәсіби адамдармен де шарт жасасуға дайын екенімізді атап көрсеттік. Осындай келісім Белоруссиямен де жүргізіліп жатыр. Ресеймен де келіссөз Алматыда жасалады. Бұларды рыноктық қатынасқа қарай ілгері қадам жасау деп бағалауға әбден болады.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Журнал оқырмандарының атынан жұмысыңыздың жемісті болуына зор тілектестік білдіреміз.
(«Қазақстан коммунисі» журналы, № 10, 1990 жыл)