24 Шілде 2013, 04:10
– Демек, республикада президенттік билік идеясының соншалық қуатты қолдауға ие болғаны тегін емес шығар. Халықтың барлығы дерлік президенттік биліктің тағайындалуын жақтады ғой.
– Өмір қисынының өзі бізден бұл қадамды жасауды талап етті. Шынында да КСРО Конституциясы бойынша елімізде одақтық мемлекет заң жүзінде баянды етілгенімен, шын мәнінде одақтық құрылымның болмағанын, оның орнына біртұтас мемлекет қалыптасқанын «байқамай» қалыппыз. Егеменді одақтас республика дегеніміз тәуелсіздігі, егемендігі мейлінше шектелген, әкімшілік-аумақтық бөлшек болып шықты. Одақтық мемлекет органдары мен одақтас республикалардың арақатынасы бұлтартпайтын орталықтандыру қағидасына негізделіп құрылғандықтан, болар-болмас мәселеге дейін орталықта шешіліп келді. Осындай жағдайда, әрине, республикада нағыз мемлекет басшысының қажеті болмайды.
Қайта құру барысында жағдай түбегейлі өзгеріп отыр. Кеңестік федерацияны жаңартуға байланысты одақтас республикалар шын мәніндегі тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің жерінде өзі мемлекеттік билікті толығынан жүргізуге мүмкіндік ала бастады. Нағыз тәуелсіз, егеменді мемлекет бола бастағандықтан, одақтас республиканың жоғары мемлекет басшысы болуы да қажетті табиғи жағдай.
Қысқасы, басқарудың бұрынғы тәртібімен ұлттық-мемлекеттік құрылым саласындағы авторитарлық әдістерге, экономикадағы ведомстволық өктемдікке қарсы тұру мүмкін болмады. Атқарушылық және заң шығарушылық негіздерді ұштастыратын президенттік билік қана бүкіл мемлекетті басқару механизмінің тиімді қызметін қамтамасыз ете алады, Одақ көлемінде экономиканы қатаң орталықтандыруды жойып, республика мен оның азаматтарының мүдделерін қорғай алады.
– Үстіміздегі жылдың маусым айында КСРО Федерация кеңесінің мәжілісі болып, онда жаңа Одақтық шарттың жобасын қарау мәселесі талқыланғаннан көпшілік хабардар. Сол мәжілісте өзіңіз сөз сөйлеп, жаңа Одақтық шарттағы егеменді республикалардың орны мен рөлі жөнінде пікір білдірген едіңіз. Егемендік ел тілегіне айналып отырған бүгінгі таңда республиканың көп ұлтты қалың қауымы Одақтық шартқа зор үміт артады. Осыған орай мынадай сауал туындайды. Республика тізгіні оның өз қолына тиген жағдайдағы ахуал қалай болады деп ойлайсыз?
– Халықтың жағдайының жаман болмайтынына кәміл сенемін. Себебі, Одақтық шарт жобасының мазмұнын айқындайтын негізгі принциптер бойынша Одақта тек республика келісімін берген мәселелер ғана қаралуы керек. Ал республиканың өзіне қатысты жоғарыдағы мәселелер, яғни оның жер-суы, табиғи байлығы – республиканың қалай пайдаланам десе де еркіндегі дүниелер болуға керек. Яғни бұрынғыдай Одақ көлеміндегі шикізат өндірудің негізгі көзіне емес, сол шикізаттың негізгі иесіне айналуға тиіспіз. Ал ие бар жерде оны баса-көктеп, ен-тегін байлықты сыпырып-сиырып әкете беруге ешкімнің қақысы жоқ. Мұнай, көмір, темір, мыс, алтын, күміс, тағы басқа табиғи қазбаларды тиісті бағасына сату, кәдімгі әріптестік қарым-қатынасты жолға қою жөн болмақ. Тұрмысымыз бен әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруының да бірден-бір кепілі де осы. Мұны егемендікке апарар алғашқы соқпақ десе де болады.