Бұл сұхбат жұртшылықтың еліміз тәуелсіздікке әне-міне ие болады деп тағатсыздана күтіп жүрген кезеңі

24 Шілде 2013, 04:07

Бұл сұхбат жұртшылықтың еліміз тәуелсіздікке әне-міне ие болады деп тағатсыздана күтіп жүрген кезеңінде жасалған еді. Сонан бері өткен жылдар беделінде республикамыз егемендікке ие болып қана қоймай, өзінің байлығымен, демократияға қарай жасаған қадамдарымен жаһанға танымал мемлекеттердің біріне айналды. Бұған ел Президентінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Төменде беріліп отырған және осынау күрделі кезеңнің түпкі мақсатының табиғатын ашуға күш салынған сұхбаттан халықтың болашағына әлемдік деңгейден сергек қарап, дер кезінде дұрыс қорытынды жасай білетін көреген де танымал саясаткердің егемендіктің таң алакеуімінде айтқан әңгімелерінің бүгінгі күнгі тіршілігімізбен тығыз астасып жатқанын аңғару қиын емес. Енді кезінде бұрынғы «Қазақстан коммунисі», қазіргі «Ақиқат» журналында жарық көрген осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Нұрсұлтан Әбішұлы, елімізде қайта құру өріс алғаннан бері де бірсыпыра уақыт өтті. Осы мерзім ішінде республикадағы өзгерістер қай дәрежеде деп ойлайсыз? Жоқ, жоқ дей бергенмен бола ма. Бәлкім аз да болса алға жылжу бар шығар. – Орынды сұрақ. Шынында да соңғы жылдары өткенімізге де, қазіргімізге де қара бояуды қалыңырақ жағуға тым әуестік байқалады. Әрине, кемшілік бар. Атап айтқанда, республикамыздың экономикасында бүгінгі күні қалыптасқан жағдай адамдарды жай толғандырып қана қоймай, қатты алаңдатуда. Мұның себебі де жоқ емес. Республика ондаған жылдар бойы еліміздің шикізат шылауы рөлін атқарғаны мәлім. Ал бұл жағдайда орталық қажет деп тапқан салаларға ғана назар аударылып, әлеуметтік және мәдени-тұрмыс сияқты «ұсақ-түйектерге» мән берілмеді. Енді міне республикааралық өнім алмасу тәртібі босаңсыған сәтте Орталықтың билігі бізге көмектесуге дәрменсіз боп шықты. Мұның өзі біздің экономикамызды және тұтыну саласын ауыр жағдайға душар етті. Осындай қиындықтарға қарамастан, халық шаруашылығында кейбір оң өзгерістерге қол жеткізе алдық деп батыл айта аламын. Бұл орайда, ең алдымен, экономиканы әлеуметтік мұқтаждарды қанағаттандыруға бейімдеу жағына айрықша назар аударылды. Соның нәтижесінде бесжылдықтың өткен төрт жылы ішінде тұтыну заттарын өндіретін өнеркәсіп 23,7 пайыз өсім берді, бұйымдар шығару 35,7 пайыз дерлік артты. Инвестициялық саясатта да әлеуметтік саланың пайдасына қарай ілгерілеу байқалады. Халықты азық-түлікпен жабдықтау да жақсара түсті. Айталық, өткен бесжылдықтың орташа жылдық деңгейімен салыстырғанда ет өндіру 285 мың тоннадан астам, сүт 149 мың тонна ұлғайды. Және мұның үштен бір бөлігі жеке меншік мал ұстауды еркін, кең дамыту есебінен алынды. Республикамыз бұл бағыттағы шектеулерді елімізде алғашқылардың қатарында алып тастаған-тын. Соның шарапаты болар, соңғы жылдары халықтағы ірі қараның саны 500 мыңға, қой мен ешкі – 1,5 миллионға, шошқа – 100 мыңға көбейді. Сондай-ақ баулы саяжай учаскелері бар отбасыларының саны төрт жылдың ішінде 302 мыңға, бақша учаскелері барлар – 82 мыңға артты. Алайда кеуде қағып масаттанудың, жайбарақаттыққа салынудың жөні жоқ. Өйткені бұл азын-аулақ табыстар өмірдің талабына, халықтың сұранымына тіптен де сай келмейді. Әрі оларды жүзеге асыру барысында тоқырау жылдарынан келе жатқан экономикалық әдістерді қолдануға мәжбүр болғанымызды несіне жасырамыз. Тұрақты да теңдестірілген экономикаға біз, өкінішке қарай, әлі де қол жеткізе алмай келеміз.

Бұл сұхбат жұртшылықтың еліміз тәуелсіздікке әне-міне ие болады деп тағатсыздана күтіп жүрген кезеңінде жасалған еді. Сонан бері өткен жылдар беделінде республикамыз егемендікке ие болып қана қоймай, өзінің байлығымен, демократияға қарай жасаған қадамдарымен жаһанға танымал мемлекеттердің біріне айналды. Бұған ел Президентінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Төменде беріліп отырған және осынау күрделі кезеңнің түпкі мақсатының табиғатын ашуға күш салынған сұхбаттан халықтың болашағына әлемдік деңгейден сергек қарап, дер кезінде дұрыс қорытынды жасай білетін көреген де танымал саясаткердің егемендіктің таң алакеуімінде айтқан әңгімелерінің бүгінгі күнгі тіршілігімізбен тығыз астасып жатқанын аңғару қиын емес. Енді кезінде бұрынғы «Қазақстан коммунисі», қазіргі «Ақиқат» журналында жарық көрген осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, елімізде қайта құру өріс алғаннан бері де бірсыпыра уақыт өтті. Осы мерзім ішінде республикадағы өзгерістер қай дәрежеде деп ойлайсыз? Жоқ, жоқ дей бергенмен бола ма. Бәлкім аз да болса алға жылжу бар шығар.

– Орынды сұрақ. Шынында да соңғы жылдары өткенімізге де, қазіргімізге де қара бояуды қалыңырақ жағуға тым әуестік байқалады. Әрине, кемшілік бар. Атап айтқанда, республикамыздың экономикасында бүгінгі күні қалыптасқан жағдай адамдарды жай толғандырып қана қоймай, қатты алаңдатуда. Мұның себебі де жоқ емес. Республика ондаған жылдар бойы еліміздің шикізат шылауы рөлін атқарғаны мәлім. Ал бұл жағдайда орталық қажет деп тапқан салаларға ғана назар аударылып, әлеуметтік және мәдени-тұрмыс сияқты «ұсақ-түйектерге» мән берілмеді. Енді міне республикааралық өнім алмасу тәртібі босаңсыған сәтте Орталықтың билігі бізге көмектесуге дәрменсіз боп шықты. Мұның өзі біздің экономикамызды және тұтыну саласын ауыр жағдайға душар етті.

Осындай қиындықтарға қарамастан, халық шаруашылығында кейбір оң өзгерістерге қол жеткізе алдық деп батыл айта аламын. Бұл орайда, ең алдымен, экономиканы әлеуметтік мұқтаждарды қанағаттандыруға бейімдеу жағына айрықша назар аударылды. Соның нәтижесінде бесжылдықтың өткен төрт жылы ішінде тұтыну заттарын өндіретін өнеркәсіп 23,7 пайыз өсім берді, бұйымдар шығару 35,7 пайыз дерлік артты. Инвестициялық саясатта да әлеуметтік саланың пайдасына қарай ілгерілеу байқалады.

Халықты азық-түлікпен жабдықтау да жақсара түсті. Айталық, өткен бесжылдықтың орташа жылдық деңгейімен салыстырғанда ет өндіру 285 мың тоннадан астам, сүт 149 мың тонна ұлғайды. Және мұның үштен бір бөлігі жеке меншік мал ұстауды еркін, кең дамыту есебінен алынды. Республикамыз бұл бағыттағы шектеулерді елімізде алғашқылардың қатарында алып тастаған-тын. Соның шарапаты болар, соңғы жылдары халықтағы ірі қараның саны 500 мыңға, қой мен ешкі – 1,5 миллионға, шошқа – 100 мыңға көбейді. Сондай-ақ баулы саяжай учаскелері бар отбасыларының саны төрт жылдың ішінде 302 мыңға, бақша учаскелері барлар – 82 мыңға артты.

Алайда кеуде қағып масаттанудың, жайбарақаттыққа салынудың жөні жоқ. Өйткені бұл азын-аулақ табыстар өмірдің талабына, халықтың сұранымына тіптен де сай келмейді. Әрі оларды жүзеге асыру барысында тоқырау жылдарынан келе жатқан экономикалық әдістерді қолдануға мәжбүр болғанымызды несіне жасырамыз. Тұрақты да теңдестірілген экономикаға біз, өкінішке қарай, әлі де қол жеткізе алмай келеміз.

Бөлісу: