Құлыншақ пен Бұдабай ақындардың сәлемдесулері

23 Шілде 2013, 06:10

Бұл жәдігерлерді түр, мазмұн жағынан талдап қарасақ, ақынның 1991-1995 жылдары Шымкент қалалық, облыстық баспаханалары басып шығарған «Өсиет» атты шығармалар жинағындағы негізгі белгілерді жазбай танимыз. Олар, атап айтқанда, адам тіршілігінің әр қырын аңғартатын толғаныстарды, қазақ тұрмысының күлкі шақырып, сын тезіне салуға тиісті тұстарын, өлең өнерінің майталмандарын мінездеуді қамтиды. Өмірдің өтпелілігі, осыған байланысты пенде біткеннің бұл өмірдегі түгесілмес өкініші Құлыншақ пен Бұдабай ақындардың сәлемдесулері түрінде туған дүниеде әсерлі шыққаны, Осындай сипаттағы терме-толғауларда бұрындары қаншама жиі жырланып, үйреншікті болып кеткеніне қарамастан, тақырыптың оқырманды елең еткізерліктей тосын екендігі байқалады. Мәселен, Бұдабай бабамыздың өмір туралы мына бір толғанысына зер салып көрелікші: Кімге опа етеді Мынау дүние жалғаның? Шайнамай қылғып жұтады Аузына салғанын, Талайлар тастап жөнелген Сайрандаған жалғанын, Орындай алмай өкініп Көңіліне алғанын, Ұстай алмай қапы қап Қармаса да арманын!         Алдына кішілікпен сәлем бере келіп тұрған Құлыншақтай сөзге алғыр інісінің ілтипатына сүйсініп, көңілі өскен кәрі тарлан өзі кешкен өмірден түйген түйінін кемел де келісті оймен осылай тұжырымдайды. Еспе де төкпе осы екі ақынның бұл жүздесуі үстінде өлең-жыр, ақындық өнер туралы да тәлімді сөздер тамыр тартқанын көріп көңіліміз сүйсінді. Сөз атасы – сәлемін Бұдабайдың ақындық асқан қарым-қуатынан қозғаған Құлыншақ былай деп көсіледі: Озып бәйге алған ең, Жарыстарда сен талай, Өрт едің ғой қаулаған, Өлең едің заулаған, Аузыңмен құс тістеген, Қыран ең алмай түспеген, Өлеңдете күшпенен, Мерген едің жасыңда Оғың жерге түспеген! Еруліге қарулы дегендей, Бұдабай өз толғауында әуелі Түркістан төңірегі ақындарының шығармашылығынан жете хабардар екенін таныта келіп, оларға тән сөз өнерінің басты сипаты өткірлік екенін тілге тиек етеді: Көтеншіде Құлыншақ Өлең сөздің ұстасы. Майлықожа, Мәделі, Бұлар соның тұстасы. Сөздерінің бар еді Тістейтіндей қышқашы! – деп топтап мінездеп алады да, Құлыншақ өнеріне өз танымымен жекелей баға бере келіп, былай дейді: Ең озығы Құлыншақ, Өлең десе ұрыншақ, Шу асауды тоқтатқан Бұғалақты бұрын сап. Сонан соң Қаратаудың Теріскей бетіне қайтқалы тұрған ақын інісімен бақұлдасқандай болып: Сәлем де Қаратау еліне, Ажал шіркін келмейді Көзіңе сенің көріне, Жөнеп кетсем бір күні Қияметтің өріне, Дұғаңды бізге арнап жүр «Кетті» деп барар жеріне, – деп қоштасады. Сықақшылдық, сыншылдық өнер күнгей ақындарының басты шығармашылық ерекшелігі десек, бұл қасиет Құлыншақта негізгі тәсіл деуге болады. Соның бір мысалы мынау: саятта жүріп, мініс аты бір мергеннің оғына байланғанда араағайын ретінде бітімгершілік айтқан Құлыншақ ақын атының бодауына құн сұраған мал иесі – дәулетті адамды: Құдабай бай, есіңе ал Былтырғы қасқыр шапқанды. Қорадағы қойларың Жыландының бойында Әр жерде арам қатқан-ды, Қасқырдан қанша құн алдың Қан-жыныңды атқарды – деп тоқтатып, ағайын арасын бітістірген екен. Алла жазса, ел арасында Құлыншақ ақынның әлі талай шығармасы табыларына көз жетіп, көңіл сенгендей. Әсілхан Оспанұлы, филология ғылымдарының кандидаты

Бұл жәдігерлерді түр, мазмұн жағынан талдап қарасақ, ақынның 1991-1995 жылдары Шымкент қалалық, облыстық баспаханалары басып шығарған «Өсиет» атты шығармалар жинағындағы негізгі белгілерді жазбай танимыз. Олар, атап айтқанда, адам тіршілігінің әр қырын аңғартатын толғаныстарды, қазақ тұрмысының күлкі шақырып, сын тезіне салуға тиісті тұстарын, өлең өнерінің майталмандарын мінездеуді қамтиды.

Өмірдің өтпелілігі, осыған байланысты пенде біткеннің бұл өмірдегі түгесілмес өкініші Құлыншақ пен Бұдабай ақындардың сәлемдесулері түрінде туған дүниеде әсерлі шыққаны, Осындай сипаттағы терме-толғауларда бұрындары қаншама жиі жырланып, үйреншікті болып кеткеніне қарамастан, тақырыптың оқырманды елең еткізерліктей тосын екендігі байқалады. Мәселен, Бұдабай бабамыздың өмір туралы мына бір толғанысына зер салып көрелікші:

Кімге опа етеді

Мынау дүние жалғаның?

Шайнамай қылғып жұтады

Аузына салғанын,

Талайлар тастап жөнелген

Сайрандаған жалғанын,

Орындай алмай өкініп

Көңіліне алғанын,

Ұстай алмай қапы қап

Қармаса да арманын!        

Алдына кішілікпен сәлем бере келіп тұрған Құлыншақтай сөзге алғыр інісінің ілтипатына сүйсініп, көңілі өскен кәрі тарлан өзі кешкен өмірден түйген түйінін кемел де келісті оймен осылай тұжырымдайды.

Еспе де төкпе осы екі ақынның бұл жүздесуі үстінде өлең-жыр, ақындық өнер туралы да тәлімді сөздер тамыр тартқанын көріп көңіліміз сүйсінді. Сөз атасы – сәлемін Бұдабайдың ақындық асқан қарым-қуатынан қозғаған Құлыншақ былай деп көсіледі:

Озып бәйге алған ең,

Жарыстарда сен талай,

Өрт едің ғой қаулаған,

Өлең едің заулаған,

Аузыңмен құс тістеген,

Қыран ең алмай түспеген,

Өлеңдете күшпенен,

Мерген едің жасыңда

Оғың жерге түспеген!

Еруліге қарулы дегендей, Бұдабай өз толғауында әуелі Түркістан төңірегі ақындарының шығармашылығынан жете хабардар екенін таныта келіп, оларға тән сөз өнерінің басты сипаты өткірлік екенін тілге тиек етеді:

Көтеншіде Құлыншақ

Өлең сөздің ұстасы.

Майлықожа, Мәделі,

Бұлар соның тұстасы.

Сөздерінің бар еді

Тістейтіндей қышқашы! – деп топтап мінездеп алады да, Құлыншақ өнеріне өз танымымен жекелей баға бере келіп, былай дейді:

Ең озығы Құлыншақ,

Өлең десе ұрыншақ,

Шу асауды тоқтатқан

Бұғалақты бұрын сап.

Сонан соң Қаратаудың Теріскей бетіне қайтқалы тұрған ақын інісімен бақұлдасқандай болып:

Сәлем де Қаратау еліне,

Ажал шіркін келмейді

Көзіңе сенің көріне,

Жөнеп кетсем бір күні

Қияметтің өріне,

Дұғаңды бізге арнап жүр

«Кетті» деп барар жеріне, – деп қоштасады.

Сықақшылдық, сыншылдық өнер күнгей ақындарының басты шығармашылық ерекшелігі десек, бұл қасиет Құлыншақта негізгі тәсіл деуге болады. Соның бір мысалы мынау: саятта жүріп, мініс аты бір мергеннің оғына байланғанда араағайын ретінде бітімгершілік айтқан Құлыншақ ақын атының бодауына құн сұраған мал иесі – дәулетті адамды:

Құдабай бай, есіңе ал

Былтырғы қасқыр шапқанды.

Қорадағы қойларың

Жыландының бойында

Әр жерде арам қатқан-ды,

Қасқырдан қанша құн алдың

Қан-жыныңды атқарды – деп тоқтатып, ағайын арасын бітістірген екен.

Алла жазса, ел арасында Құлыншақ ақынның әлі талай шығармасы табыларына көз жетіп, көңіл сенгендей.

Әсілхан Оспанұлы,

филология ғылымдарының кандидаты

Бөлісу: