23 Шілде 2013, 06:09
Құлекең қаламгерлігінің үшінші қырын құрайтын айтыс өнерінен бізге жеткен бірден-бір шығармасы – өз замандасы Майлықожа ақынмен айтысы. Одан аңғарылатын ең бір қымбат қасиет – елі сүйген екі ақынның да бір-біріне деген керемет күшті сыйластық сезімдері, бір-бірінің дарын қуаттарына ешбір шек келтірмейтіндігі. Мұның қаншама айшықты мысалдарын Майлықожаның Құлыншаққа, Құлыншақтың Майлықожаға берген мінездемелерінен айқын аңғарғандаймыз. Мысалы, Майлыекеңнің Құлекеңе арнап айтқан «Менімен кім айтысар, сенен өңге», «Ақын ең, бағы қалың, озған атың», «Бар едік екі жүйрік, құдай берген», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің», «Бар едік екі ақын мақтап жүрген», «Аузыңның қыдыры бар кісі едің», сондай-ақ Құлекеңнің Майлықожаны марапаттайтын «Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам!», «Жүзіңде мөріңіз бар қожа екенсіз», «Қосылдық екі жүйрік байымызға», «Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік», «Қожеке сөзіңе жұрт тоймас ұсайт» дегендері қандай!
Таяуда сырлы да жырлы Созақ жерінде болғанымда, Құдай қолдап, қымбат қазынаның үстінен түстім. Аудан әкімшілігі Теріскей елінің өмірден өткен қадірлі ер-азаматтарынан қалған мәдени мұраларды жарыққа шығаруды қолға алып, оны зерделі зерттеуші, алымды аудармашы, ойлы ақын Дулат Тұрантегі мырза жетекшілік ететін әдебиет бірлестігіне жүктеген екен. Соның бастапқысы – өзінің сексен жылдан астам өмірінде атқарған әртүрлі жауапты қызметтерімен аудан жұртшылығына кеңінен танымал, өзім де кезінде бірталай мәжілістес болған, осы ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Есіркеп Өмірбековтің «Шежірелі өлке» атты кітабы. Бұл еңбек ірге көтеріп, отау тіккеніне үстіміздегі жылы 75 жыл толатын ауданның тарихынан, жағрафиясынан, жанды-жансыз жаратылысынан, рухани әлемінен мол мәлімет беретін атына лайық шежіре кітап болып шыққан екен. Ол, әсіресе, ауданның жалпы білім беретін бастауыш орталау және орта мектептерінің мұғалімдеріне көмекші оқу құралы қызметін атқара алатын айшықты дүниеге айналыпты. Одан Құлыншақ ақын Кемелұлының шығармашылық қызметіне қатысты тапқан олжамның өзі қандай маңызды десеңші!
Атап айтқанда, танымал әдебиетші-ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, түрік халықтарының рухани әлемін байытуға ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға берілетін сыйлықтың иегері Рахманқұл Бердібай екеумізді өкіндіріп жүрген бір жағдай болушы еді. Ол – қазақтың күнгей өлкесіндегі сөз өнерінің өрен жүйріктерінің бірі Майлықожа ақын: «Бар еді екі жүйрік Құдай берген» – деп барынша жоғары бағалаған Құлыншақ атамыздан қалған әдеби мұраның тым аздығы болатын. Осынысынан да, бір жағы облыс зиялыларының марғаулығынан айтулы ақынның мерейтойы да аталып өтілмеді.
Дегенмен де, қымбат байлығымыз біткеннің қамба-қоймасындай қабырғалы қалың халқымыз аман тұрғанда бұлайша опына беруіміз де орынсыз-ау деп ойлаймын. Бұған Есіркеп аға кітабындағы Құлыншақ ақынның екі жүз жолға жуық өлең-жырлары дәйекті дәлел.