23 Шілде 2013, 06:03
Ал енді бірде жерлес ақын Жаһангерұлы Шәді төреге жазған сәлемнамасында оның «Сияр Шариф» деген кітабы Қазан баспасынан басылып шықты деп естігенін, бірақ қолына бірде-бір данасының тимегенін айтып өкініш білдірген, сөйтіп, шығармашылық байланыс төңірегінде әңгіме өрбіткен. Өз кезегінде Шәді төре Қазаннан тағы бір кітабының – «Орқа – Күлшенің» шыққалы жатқанын хабарлайды. Сонымен бірге екі ақында да дүниенің аумалы-төкпелілігі, өмірдің өтпелілігі жайында пәлсапалық толғаныстар бар. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Ал Құлыншақ Кемелұлы өлеңдерінің мән-мазмұны жөнінде әнгімелегенде, оның туындыларындағы ой тереңдігі оқырманды бірден баурайды. «Амалсыз асы біз күмірә», «Пәнденің көп-ті күнәсі» деп аталатын және басқа толғаулары осының дәлелі. Бүгінде Түркістан қаласында тұратын, 1926 жылы туған Таңатов Әлмен деген кісіге кезінде халық ақыны Айтбай Белгібайұлы бұларға ғазал түріндегі шығармалар деп анықтама берген екен. Жазылу мәнері жағынан ауыз әдебиетіміздің терме-толғауларына ұқсас келгенімен мазмұн сарыны зар-мұң, наз-нала болып, арғы тегі араб, парсы әдебиеттеріне тән шығарма түрін еске салады.
Осы тәріздес туындылары арқылы Құлыншақ Кемелұлы бұрын байқалмаған жаңа қырынан көрінеді. Ол – ақынның Ресей отаршылдығына, оның салдарларына деген көзқарасын айқындайтын тақырып. Бұл күнгей қаламгерлерінен тек Мәделіқожа, Майлықожа, Ергөбек ақындар еңбектерінде ғана бірінде аз, бірінде көп мөлшерде ұшырасып келген тақырып болса, енді оны Құлыншақтың «Амалсыз асы біз күмірә» деген ғазал-толғауынан да табамыз. Онда ақын:
Пайғамбарға үмбетпіз
Айтқанына кіргеннен,
Азғана сөзді қозғайын
Тыңдасаңдар, жақсылар,
Әзіргі мынау күндерден,
Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден, – деп бір түйіп тастап, одан әрі сөзін былайша сабақтайды:
Бұған да шүкір қыламыз
Падишамыз орыс-ты,
Күннен-күнге қылып тұр
Көңілдегі жоқ істі,
Қадаулы ағаш, тартқан сым
Қаптаған хахол сыймайды
Қазақтан алды қонысты!
Бұдан ақынның терең қынжылысын байқау қиын емес. Халқымыздың басты байлығынан – жерден айырылғанына күйзелісін осылайша білдіре отырып, баяғы заман азды, заң тозды сарынын өзіндік өрнек-бояумен тереңдете түсіп, былай деп толғайды:
Шашын қойды жігіттер,
Жаулықсыз көрдік келінді,
Сүйгенімен боп кетер
Шырайлы қыздар келімді,
Қараңғы түнмен қыз кетіп
Сұрамас ата-тегіңді! – дей келіп, қорытындысында:
Бүйте берсе бұл заман
Таяқ алып ақтайсың, – деп түйеді.