23 Шілде 2013, 06:00
Атақ-даңқы өзінің көзі тірісінде-ақ алыс-алыс аймақтарды аралап кеткен Құлыншақ Кемелұлы күнгейлік ақындық мектептің айтулы ақиықтарының бірі болды. Ол кісінің атағы Алатаудай есімімен республика жұртшылығы алғаш рет Жамбыл атамыздың жырлары арқылы танысты. Атақты Бақтыбай ақынмен жөн сұрасып, білісу барысында өзі өнеге алып, үлгі тұтқан ұстаз ақындар Майкөт, Құлмамбеттер қатарында күнгейлік екі ақынның – Майлықожа мен Құлыншақтың есімдерін ерекше ілтипатпен атап:
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған.
Айтқандары нұсқа еді,
Жаралған сөзі асылдан, – деген-ді.
Кейін келе іздестіріп қарағанымызда Құлыншаққа қатысты бірталай байыпты баға өз өлкеміздің ақын-жыршылары тарапынан да берілгеніне көзіміз жетті. Мысалы, Құлыншақпен айтысқанда Майлықожа өз замандасын «бағы қалың, аузының қыдыры бар, аты озған ақын, елдегі Құдай берген екі жүйріктің бірі, өлеңнің дүрі» деп бағалаған болса, шәкірті, ақын Молда Мұса (Мұсабек):
Көтеншіде Құлыншақ өлеңші еді,
Шу дегенде суырылып жөнеуші еді.
Қарсыласып бетпе-бет айтысқанда,
Еш адамнан жеңілдім демеуші еді, – деп, оның ақындық, айтыскерлік өнеріне тәнтілік танытады.
Сол сияқты ақын туралы оның тағы бір шәкірті, дастаншыл жырау Сұлтанбек Аққожаев, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өңіріне әйгілі арқалы ақын Кенқожа Құлмырзаев тараптарынан да таңдана жырланғанын жақсы білеміз. Бұны ақын бабамыздың өзі жайында асқақ та болса ақиқат айтылған:
Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,
Жалғанда жаннан айыл жия алмайды! – деген арынды баға-баламасын қосыңыз.
Біздің қолымызда, жалпы қазақ әдебиеттану мамандары иелігінде Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтер ауқымы, онан сақталып қалған әдеби мұра мөлшері секілді, тым тапшы. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жарық көрген «Қаратау атырабының ақындары» атты кітабымызда ол кісі жайында там-тұмдап мәлімет беруіміздің негізгі себебі де, міне, осы болатын.
Соңғы кездері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, профессор Рахманқұл Бердібай және әдебиет зерттеушісі, профессор Ханғали Сүйіншәлиев зерттеулерінде Құлекеңнің дүниеге келген-кеткен уақыты 1840 – 1911 жылдар межесінде көрсетіліп, ол Қазақ кеңес энциклопедиясында да (жетінші том, 31-бет, 1975 ж.) осылай жарияланды. Ақынның 150 жылдық мерейтойы, міне, осы соңғы дерекке негізделіп өткізілді.
Жалпы Р.Бердібайдың «ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары», Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиеті, ХҮІІІ – ХІХ ғ.ғ.» аталатын көпшілік жинақтардағы «Құлыншақ Кемелұлы» зерттеулерінде баяндалатын өмірбаян деректері, сайып келгенде, Сұлтанбек Аққожаевтың өлеңмен баяндалған мәліметтерінің аясында өрбиді.