23 Шілде 2013, 05:53
Әрине, қаймықпай қарсы айтылған сөз датқаға жақсын ба, Құлыншақ біраз қуғынға ұшыраса керек. Мұны:
Тізесі Дүйсенбінің маған өтті,
Қайсысыңды мендей қуып еңіретті? – деген жолдардан айқын аңғаруға болады.
Әлеуметтік маңызы жағынан ақынның «Қуды мініп, құланды құрықтап жүр» толғауы ерекше. Бұл тұста ол қазақ елін жайлаған қулық-сұмдықтарды, олардың датқалармен ауыз жаласып, елді бүлдіріп жатқанын әшкерелейді.
Ақын халықты олардан сақтандырып, әділет жолын уағыздайды. Енді бір өлеңінде ақын түйені түгімен жұтып жатқан қуларды:
Бір түлкі тұра қашты, қудым тыңнан,
Ұсынса қол жетпейтін биік шыңнан.
Қаз мойын, қарға тұмсық бір қу екен,
Төбесін бір-ақ көрдім тарғыл құмнан.
Бір жылан, бір айдаһар жолдас бопты,
Түк қалмас бере-берсең жиған малдан, – деп сынайды, оларды араны ашылған айдаһарға, жыланға балап өзінше образдар жасайды.
Құлыншақтың Майлымен айтысы және басқа шығармалары әлі толық жиналып, баспа бетін көрмей жүр. Оның ақындық шабытын танытар жолдарды біз қолда бар деректерден келтірдік. Ақын – халық поэзиясының үлгісін берік ұстаған суырып салманың өзі. Ел ақындары дәстүрінде сөз бастап, төгілте өлең термелейді. Мысал үшін оның Майлымен айтысынан үзінділер келтіре кетейік:
Жиылдық үлкен-кіші үйден, түзден,
Жүйрік ат топтан озып бәйге сүзген.
Қоңыратта Майлықожа, Құлыншақ боп,
Екеуміз шығып едік Орта жүзден.
Қосылдық екі жүйрік сайымызға,
Бір нұқсан түспегей деп пайымызға,
Тақсыр-ау, өлеңіңді енді қамда,
Бозбала қоймас болды жайымызға.
Ақынның суырыпсалма өнеріне, халықтың салт өлеңдері үлгісіне жетігін оның анасына арнаған жоқтауынан да көруге болады.
Тал бесігін таянған,
Айналаны сәнді еткен,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Өлеңдетіп әндеткен,
Түнде тұрып оянған.
Уақыты жетіп демі біткен,
Айналайын ақ шешем.
Құлыншақ даңқы қазақ еліне кең жайылған. Оны тұстас ақындарынан бастап, қазіргі заман халық жыраулары жатқа айтады. Ақынды қадір тұтып, одан үйреніп өскендіктерін жасырмайды. Заманымыздың жыр алыбы Жамбылдың өзі Құлыншақ атын құрметпен атағаны мәлім.
Ол:
Қаздай калқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майкөт ақын, Құлманбет
Орын берді қасынан,
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған, – депті. Құлыншақты еске алған ақындар ішінде көлемді естелік қалдырған Сұлтанбек Аққожаев деген жырау. Ол ақын өмірін ұзақ толғап, оның өмірінен көптеген деректер береді.
Әкесі Құлыншақтьң Кемел еді,
Сүйген екен немере, шөберені.
Алты ұлы алты ауыл болып жүре берді,
Адамға бұдан артық не керегі?!