23 Шілде 2013, 05:52
Суырыпсалма өнеріне жетік, ділмар ақынның өзінің өмірі туралы толғаулары да тартымды. Нағыз жүлдегер жүйріктерге тән қаракет-қасиеттермен көрініп, көп жүйріктен суырылып озып шыққан өрен саңлақтың өзін танытады. Өзінің бар өмірін, бойындағы бар өнерін халқына ғана арнаған ақынның тағдырға бас имей, тіршіліктің қамын ойлап, ел-жұртына өнер шашуды мақсат етуі – оның азаматтық мұратының куәсі дерлік.
Менің, атым Құлыншақ,
Ал сөйлеп көр тіл мен жақ.
Дауысым байғұс шығып бақ,
Саулы інгендей ыңқылдап.
Қызыл тілім сөйлеп бақ,
Асыл біздей жылтылдап.
Домбырам, байғұс сен сөйле,
Екі шегің тыңқылдап.
Он саусағым, қимылда,
Жорға тайдай бұлтылдап.
Құлыншақ өзінің біраз өлеңдерін арнау ретінде шығарған. Ол кезінде бай, бек, датқа болған немесе болғысы бар дәреже-дәулет құмарлар тобын сынап, солардың өзімшіл, құлқынқұмар мінездерін әжуалап отырады.
«Ондыбайға» деген өлеңі елді билеп-төстеген болысты сьнауға арналады. Әсіресе, оның қонақасыға сараңдығын бетіне басады:
Болысеке, бұл өлең қайдан шықты,
Үйінде бесінде ішкен шайдан шықты.
Сабада сапырулы қымыз тұрып,
Күбіден айнып кеткен айран шықты.
Қайыр-қош, болысеке, көргенімше,
Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше.
Қос-қосалқы арқалап құрыған жақсы,
Итке артып, аттың басын жүргенімше.
Аталмыш ақын арнауы болыстың өзі жоқта үйіне түскен қонақтың құрмет көре алмай аттануына байланысты айтылған. Ондыбайдың сараң әйеліне мін таққан ақын басқа біткен дәулетті дұрыс баға алмай, сараңдыққа салынып, керек жерде бере алмайтын пейілсіздік мінезді әшкерелейді. Адамның жақсылығы оның сыртқы өңінде де, бет ажарында да емес, адамгершілігінде, жомарттығында деп біледі. Ондыбай тап осындай әйелінің өңі мен келбеті келісті, бірақ көңілі тар, адамшылығы кем бейшара ретінде бейнеленеді.
Сәлем де Ондыбайға Құлыншақтан,
Есектен не туады айғыр шапқан.
Жылтыраған бетіне әуес болмай,
Адамның баласын ал, кісі баққан.
Қызарған не қыласың беттің нұрын,
Салады көрген жігіт көздің қырын.
Ондыбайдың аулына барамыз деп,
Қайдан таныс боламыз үш жыл бұрын, – деп ақын Ондыбайға ақыл беру арқылы кейінгі жастарға да ой салып, әйел таңдауға тек қана бет ажарына ғана қарап, бекерге алданбай, оның адамгершілігіне, ақыл-парасатьша назар аударудың керектігін ескертеді.
Қоғамдық қайшылықтарға немқұрайды болмағанының бір куәсы ақынның «Дүйсенбі датқаға» арнауы. Аталмыш толғауында ол:
Әлсізді азғана күн амалдайсың,
Жақсылық бұл пейіліңнен таба алмайсың.
Жеріңе ерегескен қап-қара боп,
Бұлттай жауатұғын табандайсың, – дей келіп датқаның таяғы тимеген, тізесі батпаған жер кемде-кем екенін айтып, оның елді жылатып жатқанын бетіне басады. Үстемдер арасындағы бақталастық халыққа жабысқан дерттей елдегі кемтарлықты көбейтіп, жоқшылыққа ұшыратуда дейді.