23 Шілде 2013, 05:43
Қаздай қалқып ерінбей
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған, – деп ұлы жырау Жамбыл бекерден-бекер жырламаса керек. Демек, Майлықожа, Құлыншақ қазақ әдебиеті тарихында аса дарынды, әрі құдіретті ірі тұлғалар болғаны ғой. Майлықожа мен Құлыншақ жөнінде қазақ әдебиетінің, оның ішінде халық поэзиясының жанашыр білгірлері Рахманқұл Бердібай мен Әсілхан Оспанұлының зерттеу еңбектері оқушы қауымға таныс. Іздестіріп, зер сала жүрсе ол ақындардың әлі де жиналмаған өлең-жырлары, ғұмырнамалық деректері ел арасынан кездесіп қалады.
Осыдан он шақты жыл бұрын Қазақ Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жамбыл жөніндегі жоспарлы жұмысы бойынша іздеу салып жүргенімізде Құлыншақ ақынның жиені, өзі ескі Бабата шаһарында туып өскен Әбділда Бағдәулетұлымен кездесіп, сұхбат құрдық. Әбділда ақсақал біз жолыққан кезде Ташкент қаласында тұратын. Өзі 85 жаста, әлі бақуатты екен.
– Ол жылдары, – дейді Бағдәулетұлы, – біз Түркістанда тұратынбыз. Ескі Ихан көшесінің кіреберісінде үлкен әуліміз, бастырмалата соққан төрт бөлмелі кесектен қалаған үйіміз, оның арт жағында қора-жайымыз болатын. Әкем Бағдәулет, ағамыз Есжан Түркістан базарының делдалы болып істейтін. Қаратаудың теріскейінен, әсіресе, Бабата, Үштөбе, Жартытөбе жағынан базарға мал айдап келетін сүлгетай, маңғытайлар біздің үйге түсетін. Әкем мен ағам олардың малдарын сатысып, дүкеннен қант-шай, киім-кешек, мата әперісіп жүретін.
Сүмбіленің аяқ кезі ғой деймін, біздің үйге Құлыншақ ақын келіп түсті. Қасында екі жолдасы бар. Әлі есімде біреуін – Молда Мұса, қара мұртты, ұзын бойлысын Бұдабай десті. Құлыншақ бізге нағашы. Ол көтенші, біз сүлгетай боламыз. Түркістанға келсе біздің үйге соқпай кетпейтін. Біраз күн жатып, өлең-жыр айтатын. Түнімен қисса тыңдайтынбыз. Бұл жолы да тап солай болды.
Құлыншақ нағашым әуелі домбырасының құлағын келтіріп алды да, «Қыз Жібекті» айтайын ба, «Шырын-Шекерді ме», «Шора батырды ма?» деді де, өзінің:
Менің атым Құлыншақ,
Ал сөйлей гөр, тіл мен жақ,
Даусым, байғұс, шығып бақ,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Қызыл тілім сөйлеп бақ,
Асыл біздей жылтылдап.
Домбырам, байғұс, сен сөйле,
Екі ішегің тыңқылдап.
Он саусағым қимылда,
Жорға тайдай бұлтылдап,
Ақыры бір күн сынарсың,
Буыныңнан сыртылдап.
Сынарсың да тынарсың..., – дейтін үйреншікті терме сөзін тізіп шықты. Нағашымның бұл сөзін бұрын да талай рет тыңдағанбыз. Сондықтан көкейде жатталып қалғаны осы ғана... Бала кезімізде біраз шұбырта беруші ек, қартайған соң ол да естен шыға бастады емес пе... – Әбекең қария, сәл дем алып, терін сүртті.