23 Шілде 2013, 05:29
Құлыншақ ақынның жаңадан табылған өлеңдері тақырып жағынан алуан қырлы. Мұнда жеке адамдарға арналған мадақ немесе мысқыл, өмір туралы толғау, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, мысқыл, өмір туралы толғау, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, ғибрат, насихат – бәрі де ұшырайды. Солардың әрқайсысынан шабытты ақынның сенімді серпіні, алғыр ойы, қырғи тілі танылады. Қазақтың Ресей патшалығына бодан болып, еріктен, биліктен, құнарлы жерден айырылып қалған мүшкіл халін ақын қысқа да дәл мінездейді:
Падишамыз орыс-ты
Күннен күнге қылып тұр
Көңілдегі жоқ істі.
Қадаулы ағаш, тартқан сым
Қазақтан алды қонысты.
Қазынаға қарыздар
Халық көбейді борышты...
Отаршылдар халықтың қас-қабағына қарайтын игі жақсыларды шеттетіп, парасатсыз жандайшаптарды көтермелеу саясатын жүргізгені, мұсылман дәстүрінің қыспаққа түсірілгені де ақынның қырағы көзінен қалыс қалмайды.
Маубас өгіз секілді,
Не көрімдер би болды.
Мұсылманның баласы
Табанға түсіп, и болды...
Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салты, наным-сенімі есепке алынбай, жат мінездер, өктем іс-әрекеттер, зорлық-зомбылықтар көбейгені тұтас бір елдің ең қымбат, қадірлі ұғымдарын аздырып, тоздыратынын да Құлыншақ қапысыз көре білген.
Бір жұмыс түссе басыңа,
Айдаушысын ертіп кеп,
Баса-көктеп үстіңнен
Шығарады үкімді.
Олар білмей барады,
Алыс пенен жақынды,
Тентек пенен мақұлды.
Ойлап тұрсаң пенделер
Қиямет-қайым жақынды.
Бұл жолдар Ресей басқыншылығының зардабын, халықтың келешегі үшін орны толмас өкініштерге душар ететінін жырлаған Шортанбай, Дулат, Мұрат ақындар шығармаларымен сарындас екені таңқаларлық емес, өйткені отаршылдықтың зіл салмағы Қазақстанның барлық өңіріне де бірдей түскен. Құлыншақ заманының ең күрделі, салдарлы мәселелеріне көзқарас білдіре алған құлашы кең, дәуір жыршысы бола білгендігін бұл секілді шығармалар айқын елестетеді...
Әлеуметтік өмірдің мәнді тұстарын, өмір қайшылықтары мен тартыстарын ақын көсіле жырлайды.
Көп көрдім жақсы қандай, жаман қандай,
Көп көрдім жомарт қандай, сараң қандай.
Өзінше ішіп-жеуге қалмайтұғын,
Сараңдар көп жияды арам малды-ай.
Ер жігіт он бесінде елім дейді
Ел үшін еңбек етсе, ерінбейді.
Жамандар қыр аспайды қырқында да,
Пайдасы елге тиер көрінбейді...
Енді бірде шығыстың ұлы шайырлары салған ізбен адамшылық шарттарын ғибрат етіп айтады.
Біреуге берсем дегін, алсам деме,
Біреудің адал нанын алып жеме.
Артында жақсылығың қалса қалар,
Адамның жамандығы қалсын неге?