23 Шілде 2013, 05:24
Бұл мысалдардан Құлыншақтың он бір жасында ақындық жолына қадам ұрғанын, Арқадағы Шөже ақыннан бата алғанын, қазақ жерін кең шарлағанын көреміз. Өкінішке қарай, оның өз ауылынан жырақ жерлерде жүріп айтқан сөздері сақталмаған.
Зерттеушілер Құлыншақтың домбыра, қобызға қосылып жыр айтқанын, шығыс әдебиетінің бірталай нұсқаларын жатқа білгенін анықтаған. Ол Майлы, Майкөт, Молда Мұса, Берекет секілді белгілі ақындармен айтысқан. Қысқасы, Құлыншақтың ақындығын замандастары да, кейінгілер де биік санаған. Көрнекті сөз ұстасы Асқар Тоқмағамбетов бір өлеңінде Қаратаудың аты әйгілі адамдары қатарында Құлыншақты көрсетеді.
Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын
Талайды сөзбен орап тұзақтады.
Енді ақынның өмірбаяны, шығармалары және олардың идеялық-көркемдік мәні, бағыты туралы бірер сөз.
Ақын 1840 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Жартытөбе деген жерінде туып, 1911 жылы Меккеден қайтып келе жатқанда дүние салған. Құлыншақтың өлер адындағы бір ауыз өлеңі бұл мәселені растайды.
Бұл адам көп жасаса жүзге келер,
Бәрібір үйде өлсең де, түзге көмер.
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын енді қайда бізге келер.
Кейбір деректерде ол 1831 жылы туған делінеді. Бірақ оның ауылдасы, елінің әңгіме-шежіресіне қанық Әлішер Қосмұханбетовтің және Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының «Шәуілдір» совхозында өмір кешкен, Құлыншақтың біраз өлеңін жатқа білетін ақын Омар Байымбетовтің дәлелдеуіне қарағанда, ақынның 1840 жылы туғаны сенімдірек деп есептеуге болады.
Құлыншақтың жастайынан ақындыққа талаптануы, түсінде Қыдыр аян беріп, «көген аласың ба, өлең аласың ба» деп сұрағаны туралы аңыз әңгіме де мәлім. Нағыз ақындар салтына түсіп, оның Арқаны, Сыр бойын, Жетісуды аралағаны, заманында Майлы, Мәделі, Бұдабай, Молда Мұса, Шәді, Майкөттермен әріптес болғаны баршаға белгілі.
Бүкіл Орта Азия халықтарына мәшһүр дастан, қисса, хикая, жырлардың бірталайын Құлыншақ жатқа айтқан, кейбіреулерін нәзира үлгісімен халық ұғымына лайықтап қайта жаратқан. Соның ішінде «Шырын-Шекер» деген жырды ерекше сүйіп толғаған. Турашыл, өжет ақын өз кезіндегі би, болыс, датқалардың жағымсыз қылықтарын өткір тілмен әшкерелеп отырған, өмірдегі көлеңкелі құбылыстарды, адамшылыққа жат істерді сын отымен қарыған.
Құлыншақтың тәлім алған мектебі – халық ауыз әдебиетіне аты, сөзі белгілі ақындар. Сондықтан да ол өзінің ғибрат өлеңдерін сол үлгіде жасайды; өмірдің күнгейі мен теріскейін, жақсылық пен жамандықты, барлық пен жоқтықты, бақи мен пәниді салыстырып, кең пайымдап насихат сөйлейді.
Менің атым Құлыншақ,
Ал сөйлей гөр, тіл мен жақ.
Дауысым байғұс, шығып бақ,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Қызыл тілім, сөйлеп бақ,
Асыл біздей жылтылдап
Домбырам, байғұс, сен сөйле,
Екі ішегің тыңқылдап.
Он саусағым қимылда,
Жорға тайдай бұлтылдап,
Ақыры бір күн сынарсың
Буыныңнан сыртылдап.
Сынарсың да тынарсың,
Сөйлемек түгіл далада,
Қу кесек боп тұрарсың.