Құлыншақтың талантын мадақ еткен мәнді сөздер, жанды куәліктер көп

23 Шілде 2013, 05:22

Кезінде атағы Қазақстанның көп жеріне жайылған көрнекті ақын Құлыншақ Кемелұлының есімі әдебиет зерттеуші қауымға көптен таныс. Құлыншақ жайында бірсыпыра дерек Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің кезеңдері» деген кітабында, біздің «Гүлстанның бұлбұлдары» атты еңбегімізде, Ә. Оспанұлының Оңтүстік Қазақстан ақындарының творчествосы туралы кандидаттық диссертациясында берілген. Түрлі мақалалар арасында жол-жөнекей аталған тұсы да мол. Дегенмен, соңғы жылдарға дейін бұл ақын арнаулы зерттеу нысанасына ілінбей келген еді. Оның негізгі себебі – әдеби мұрасының жиналмауына байланысты болатын. Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы бірен-саран өлеңнен ақынның дарын дәрежесін, шын тұлғасын тану қиын еді. Ерте кезде ел аралап, талай тойда өлең айтқан, сан айтыста сараман жүйріктікпен жүлде алған ақындардың көбінің-ақ өлеңі хатқа түспей, бірте-бірте ұмытылған ғой. Құлыншақ мұрасы да дәл осындай халге душар болған. Біздің білетініміз – оның ағыл-тегіл төккен жырының жұқанасы ғана болуы мүмкін. Бірақ осының өзінен де ақынның тіл кестесі айқын танылғандай. Құлыншақтың талантын мадақ еткен мәнді сөздер, жанды куәліктер көп. Солардың ішінде халық поэзиясының алыбы Жамбылдың берген бағасы бір төбе. Өзіне ұстаз тұтқан бұрынғы ақындарды еске түсірген өлеңінде ол: Қаздай қалқып ерінбей Өлең тердім жасымнан... Майлықожа, Құлыншақ Пірім еді бас ұрған, – дейді.   Бұл қысқа сөзде терең мағына жатыр. Мұнда Құлыншақтың ақындар сапындағы құрметті орны мен даңқы сипатталған. Молда Мұсаның да Құлыншақ талантына ерекше ілтипатпен қарағаны белгілі. Ақын турасында кейбір тың мағлұматты атақты жыршы, «Алпамыс» эпосының ең көркем, толық нұсқасын айтқан, өзі Құлыншақтың шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаевтың естелік өлеңдерінен де табамыз:    Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,    Сүйген екен немере, шөберені.  Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді,  Адамға бұдан артық не береді?    Құлыншақ – алтауының ең кенжесі,  Дарыған он бірінде өлең еді.  Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,  Үш тоғыз дүниемен жібереді.    Шөженің ақ батасын алып қайтты,  Адамзат дауаменен көгереді.  Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,  Баланы еркіменен қоя берді.    Күнде той, күнде жиын, күнде өлең қып,  Күңірентіп жібереді жүрген жерді.  Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,  Жаңғыртқан керегенің көгінде енді.    Ән қандай, өлең мұндай күніндегі  «Шырын – Шекер» сөз бопты тіліндегі.  Еш ақын Құлыншықтай болмайды деп,  Адамдар аңыз қыпты сол күндегі.    Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай,  Сейіл қып аралады төменгі елді, ..................................................... Ұзын өріс, кең жайлау жүрген жері. Сұлтанбек тағы бір өлеңінде Құлыншақты былайынша дәріптейді:  Ұстазым – Орта жүздің Құлыншағы,  Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.  Қосылып құлынында ат бәйгеге,  Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы.

Кезінде атағы Қазақстанның көп жеріне жайылған көрнекті ақын Құлыншақ Кемелұлының есімі әдебиет зерттеуші қауымға көптен таныс. Құлыншақ жайында бірсыпыра дерек Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің кезеңдері» деген кітабында, біздің «Гүлстанның бұлбұлдары» атты еңбегімізде, Ә. Оспанұлының Оңтүстік Қазақстан ақындарының творчествосы туралы кандидаттық диссертациясында берілген. Түрлі мақалалар арасында жол-жөнекей аталған тұсы да мол. Дегенмен, соңғы жылдарға дейін бұл ақын арнаулы зерттеу нысанасына ілінбей келген еді. Оның негізгі себебі – әдеби мұрасының жиналмауына байланысты болатын. Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы бірен-саран өлеңнен ақынның дарын дәрежесін, шын тұлғасын тану қиын еді.

Ерте кезде ел аралап, талай тойда өлең айтқан, сан айтыста сараман жүйріктікпен жүлде алған ақындардың көбінің-ақ өлеңі хатқа түспей, бірте-бірте ұмытылған ғой. Құлыншақ мұрасы да дәл осындай халге душар болған. Біздің білетініміз – оның ағыл-тегіл төккен жырының жұқанасы ғана болуы мүмкін. Бірақ осының өзінен де ақынның тіл кестесі айқын танылғандай.

Құлыншақтың талантын мадақ еткен мәнді сөздер, жанды куәліктер көп. Солардың ішінде халық поэзиясының алыбы Жамбылдың берген бағасы бір төбе. Өзіне ұстаз тұтқан бұрынғы ақындарды еске түсірген өлеңінде ол:

Қаздай қалқып ерінбей

Өлең тердім жасымнан...

Майлықожа, Құлыншақ

Пірім еді бас ұрған, – дейді.
 

Бұл қысқа сөзде терең мағына жатыр. Мұнда Құлыншақтың ақындар сапындағы құрметті орны мен даңқы сипатталған. Молда Мұсаның да Құлыншақ талантына ерекше ілтипатпен қарағаны белгілі.

Ақын турасында кейбір тың мағлұматты атақты жыршы, «Алпамыс» эпосының ең көркем, толық нұсқасын айтқан, өзі Құлыншақтың шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаевтың естелік өлеңдерінен де табамыз:

   Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,

   Сүйген екен немере, шөберені.

 Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді,

 Адамға бұдан артық не береді?

 

 Құлыншақ – алтауының ең кенжесі,

 Дарыған он бірінде өлең еді.

 Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,

 Үш тоғыз дүниемен жібереді.

 

 Шөженің ақ батасын алып қайтты,

 Адамзат дауаменен көгереді.

 Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,

 Баланы еркіменен қоя берді.

 

 Күнде той, күнде жиын, күнде өлең қып,

 Күңірентіп жібереді жүрген жерді.

 Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,

 Жаңғыртқан керегенің көгінде енді.

 

 Ән қандай, өлең мұндай күніндегі

 «Шырын – Шекер» сөз бопты тіліндегі.

 Еш ақын Құлыншықтай болмайды деп,

 Адамдар аңыз қыпты сол күндегі.

 

 Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай,

 Сейіл қып аралады төменгі елді,

.....................................................

Ұзын өріс, кең жайлау жүрген жері.

Сұлтанбек тағы бір өлеңінде Құлыншақты былайынша дәріптейді:

 Ұстазым – Орта жүздің Құлыншағы,

 Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.

 Қосылып құлынында ат бәйгеге,

 Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы.

Бөлісу: