23 Шілде 2013, 04:54
Енді бір тарау ойлар «Еңбексіз табыс табуға қарсы күресті күшейту туралы» қаулыдан өзек тартады. Еңбекшілер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөнінде алға қойылған міндеттерді өздерінің төл ісі ретінде қабыл алғанын, халық шаруашылығының барлық учаскелеріндегі қажырлы жұмысымен қоғамдық игілікті молайта түсуге табанды түрде күш салып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге қаулыда арамызда ұрлықпен, жалдаптықпен, парақорлықпен, заңсыз қызметтің басқа да түрлерімен шұғылданып, еңбексіз табыс табатын көптеген фактілердің бар екені де қатты айтылды. Ал мұндай кейбір жағымсыз көріністер Жангелдин ауданында да кездесіп қалатыны жасырын емес. Кейбіреулер мемлекетке тиесілі машиналарды әлі де болса бас пайдасы үшін пайдаланады, шаруашылықтарда үйіліп-төгіліп жатқан құрылыс материалдарына иесіз зат ретінде қарап, суық қолын сұғады, артық мал ұстап, кеңшардың жем-шөбіне ортақтасады. Міне осыларға қарсы күресте аудан, шаруашылық басшылары, интеллигенция өкілдері, жалпы жұртшылық белсенді қимыл таныта алмай отырғанын айтпасқа болмайды.
Жоғарыда баяндалғанындай, ауданның мәдениет ошақтарының қызметінде тез түзетуді керек ететін елеулі олқылықтар орын алуда. Көптеген клубтар, кітапханалар, қызыл отаулар еңбекшілердің шын мәніндегі рухани қажетін өтейтін орталықтарға айналмай отыр. Кітап саудасында бірсыпыра шалағайлықтар бар. Біз шаруашылықтарды аралаған кезде бұлардағы дүкендерде кітап аз сатылатынын немесе мүлде сатылмайтынын аңғардық. Әдетте кітап өтпейді дейміз. Бірақ біз шалғай мекендерге олардың тұрғындары сусап отырған қазақ жазушыларының соңғы шығармалары жеткізілмейтінінің де куәсі болдық. Сол сияқты спорт мәселесінде де ойласарлық проблемалар бар екен. Мәселен, шаруашылықтардың бірқатарында стадиондар жоқ. Жастардың спортпен кеңінен шұғылдануына ұйтқы болып жүрген спорт нұсқаушыларын да көре алмадық. Спорт жарыстарының аз өткізілетіні кімді де болса толғандырмай қоймайды.
Сөз соңында айтарымыз, облыс орталығынан едәуір шалғай қоныс тепкен, қырық мың шаршы километр ұланбайтақ алқапты алып жатқан, тікелей мал шаруашылығымен айналысатын бұл ауданның мәдени өмірінде қол жеткен табыстармен қатар жеке кемшіліктері де аз емес. Бұл жауапты істе әрине, ауыл интеллигенттері үлкен рөл атқарады. Еңбекшілер олардың бойынан дәйім кіршіксіз ар тазалығын, парасатты ой биігін көргісі келеді. Ендеше сол талапқа сай болу – биік мәртебе. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған берік ұйымшылдық пен тәртіп, әркімнің асқан жауапкершілікпен атқарған қажырлы еңбегі ауыл еңбеккерлерінің осынау шұғыл бетбұрыс кезеңінде жоғары табыстарға жетуіне мүмкіндік туғызады.
Орынбек Жолдыбай